07.02.2023, 13:39 18591

Қазақстанның бес өңірінде жылу желілерінің тозуы бойынша күрделі жағдай байқалады

Қазақстанның бес өңірінде жылу желілерінің тозуы бойынша күрделі жағдай байқалады
Сурет: Бейнежазбадан кадр
Республика бойынша жылу желілерінің орташа тозуы 54% құрайды

Астана. 7 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Республика бойынша жылу желілерінің орташа тозуы 54% құрайды. Қазақстанның 5 өңірінде жылу желілерінің тозуы бойынша күрделі жағдай байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Жылу желілерін жаңғырту бүгінгі таңда ең өзекті мәселе болып табылады. Қазір республика бойынша орташа тозу 54%-ды құрайды. Қазіргі уақытта тозығы 65%-дан жоғары (Павлодар облысы - 82%, Қарағанды облысы - 68%, Абай облысы - 68%, Шығыс Қазақстан облысы - 66%, Солтүстік Қазақстан облысы - 65%), күрделі жағдай 5 өңірде байқалады", - деді министр.


Биыл шамамен 180 шақырым жылумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау үшін 54 жобаны іске асыру жоспарланған.

Марат Қарабаев бюджеттік өтінімдерді осы күнге дейін 7 өңір ұсынбағанын атап өтті, олар Алматы қаласы, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстары.

Елдің коммуналдық секторын дамыту мақсатында сумен, жылумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Аталған желілердің жалпы ұзындығы 129 мың (жылумен жабдықтау - 14 мың км, сумен жабдықтау - 98 мың км, су бұру - 17 мың км) шақырымды құрайды", - деді министр.


2022 жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желілер (жылумен жабдықтау желілері - 297 км, сумен жабдықтау - 2072 км, су бұру - 603 км) реконструкцияланды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53%-дан 51%-ға дейін (жоспар - 51%) төмендеді.

Анықтама: жылумен жабдықтау желілерінде 54%, сумен жабдықтау желілерінде 43% және су бұру желілері бойынша 55%.

Биыл шамамен 2 мың шақырым желіні жаңғырту арқылы желілердің жалпы тозу көрсеткішін 50%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. 14 мыңнан астам шақырым желіні салу және реконструкциялау арқылы 2029 жылға қарай тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету (жылумен жабдықтау - 1538 км, сумен жабдықтау - 10 742 км, су бұру - 1845 км) көзделген", - деді ол.


ИИДМ басшысының ақпараты бойынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5% құрады.

Жамбыл облысының қала тұрғындары және Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл тұрғындары үшін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік төмен екені байқалады.

Бүгінде еліміздің 6 өңіріндегі қала тұрғындары сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қол жеткізген, олар Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары.

Осы жылдың қорытындысы бойынша 5 қала және 192 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізетін болады. Жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 172 млрд теңге көзделген.

Нәтижесінде ауыл халқының 96%-ы және қала халқының 98,7%-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін сумен жабдықтау қызметтерімен қалалар мен ауылдардағы халықтың 100%-ы қамтамасыз етіледі", - деді Марат Қарабаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны