26.02.2021, 22:37 21987

Бас прокурордың орынбасары азаматтар мен митинг ұйымдастырушыларына үндеу жолдады

Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.
Нұр-Сұлтан. 26 ақпан. Kazakhstan Today - Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар елдің әртүрлі аймақтарында заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақырулар таратуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, осыған байланысты, Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа Заңмен реттелетінін түсіндіреді. Алайда ұйымдастырушылар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы жергілікті атқарушы органдарға тиісті хабарламалар мен өтініштер бермеген немесе олар бойынша келісуден бас тартылған.
 

Тиісінше, Заңды (3-баптың 3-тармағын) бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (25 тәулікке дейін қамауға алу)", - деп атап өтті ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев.

 
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді.
 
Бұдан басқа, "Сovid-19" коронавирустық инфекциясының пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №68 "Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы" қаулысымен белгіленген адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге салынған тыйым әлі де қолданыста екендігін еске саламыз.
 
Оны сақтамағаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК-нің 425-бабы – Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу – 30-дан 200 АЕК-ке дейін айыппұл) және қылмыстық (ҚК-нің 304-бабы – санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына әкеп соққан бұзу – 2 мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан бастап 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін) жауаптылық көзделген.
 

Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады. Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады", - деді Болат Дембаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны