06.03.2013, 10:45 16301

Құқық қорғаушыларды полиграфологиялық зерттеуден өткізуді көздейтін заң жобасы мақұлданды

Заң жобасында құқық қорғау органдарына қызметке тұрарда мiндеттi түрде полиграфологиялық зерттеуден өту тәртiбi заңнамалық тұрғыда бекiтiледi.

Астана. 6-наурыз. Kazakhstan Today - ҚР Парламенті Мәжiлiсiнiң депутаттары "Құқық қорғау қызметi туралы" ҚР Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" ҚР Заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, заң жобасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн жұмысқа қабылдаған кезде полиграфологиялық зерттеудi қолдануды заңнамалық реттеу туралы 2011 жылғы 17-шi қаңтардағы ҚР Ішкi iстер министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзiрленген.

Заң жобасында құқық қорғау органдарына қызметке тұрарда мiндеттi түрде полиграфологиялық зерттеуден өту тәртiбi заңнамалық тұрғыда бекiтiледi.

"Зерттеулер көрсетiп отырғандай, полиграф көп ретте адамның жеткiзiп отырған ақпаратының растығын тексерудiң немесе жасырып отырған фактiлердi анықтаудың жалғыз құралы болып табылады. Полиграфты қолдану тәртiбiн үкiмет анықтайтын болады. Жұмысқа қызметкерлердi алған уақытта полиграфты әскери-дәрiгерлiк комиссиялар қолданатын болады. Полиграфпен жүргiзілген сауалнама үмiткердiң заңға қайшы iстерге қатыстылығын, қылмысқа байланысы бар-жоғын, сыбайлас жемқорлыққа бейiмділігін және т.б. анықтайды. Ағымдағы жылдың 30-шы қаңтарында Мемлекет басшысының құқық қорғау және арнайы мемлекеттiк органдар басшыларымен өткiзген кездесуінде полиграфты қызметке қабылдаған кезде ғана емес, атестаттау және қызметтiк тергеулер кезiнде де қолдану мәселесi көтерiлген болатын. Полиграфты қолдану кадрлық қызметтер мамандарымен жүргiзiлуi тиiс", - дедi ҚР Бас прокурорының бiрiншi орынбасары Иоган Меркель.

Парламент Мәжiлiсiнiң комитеттерi заң жобасы бойынша оң қорытындысын берiп, депутаттар бiрқатар ұсыныстар мен ескертпелер енгiздi.

Мәселен, "полиграфологиялық зерттеу" ұғымы нақтыланды, құқық қорғау қызметiне кандидатты полиграфта тексерудi психофизиологиялық куәландырудың бiр бөлiгi ретiнде тану ұсынылды.

Сонымен қатар, заңда қолданылатын жекелеген ұғымдар нақтыланып, бiрiншi арнаулы атақты беру, бiр құқық қорғау органынан екiншiсiне ауысқан кезде жоғары арнаулы атақтар мен сыныптық шендердi теңестiру тәртiбі регламенттелген және құқық қорғау қызметiнде болудың шектi жасын ұлғайту ұсынылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны