03.09.2025, 14:45 8926

Ұлттық Банк телефон мен интернет-алаяқтық көбейгенін ескертеді

Ұлттық Банк телефон мен интернет-алаяқтық көбейгенін ескертеді
Сурет: Depositphotos
Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтардың жеке деректері мен банк шоттарына қол жеткізу үшін алаяқтар жиі қолданатын тәсілдер туралы ескертеді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.

Кең таралған алаяқтық тәсілдердің бірі - вишинг немесе телефон алаяқтығы. Бұларды жиі қолданатын қаскөйлер өзін Ұлттық Банктің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, ұялы байланыс операторларының немесе медицина ұйымдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалады және түрлі сылтаумен ақша аударуды, жеке деректерін, SMS-кодты хабарлауды немесе қандай да бір мобильді қосымшаны жүктеуді сұрайды.

Қаскөйлер телефонмен сөйлескенде мәселенің шұғыл екенін алға тартып, азаматтарға психологиялық қысым көрсетеді. Мұндай айла-шарғы жасау банктік шоттарға, депозиттерге, ақша аударымдарына қол жеткізуге, сондай-ақ азаматтардың атынан онлайн-кредит немесе микроқарыз ресімдеуге бағытталған.

Мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер, коммуналдық, медициналық немесе пошта қызметтерінің атынан сілтемеге өтуді немесе қосымшаны ашуды өтінген жасырын фишингтік электрондық хаттар мен жалған SMS-хабарлар қосымша қауіп тудырып отыр. Азаматтар сілтемеге өтсе немесе қосымшаны жүктесе, онда қаскөйлер мобильді құрылғыға, парольдерге, банк картасының деректеріне және басқа да жеке ақпараттарға қол жеткізеді.

Ұлттық Банк азаматтарды абай болуға және қоңыраулардың, сұратулардың, хаттар мен хабарламалардың дәйектілігін міндетті түрде тексеруге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз адамдардың шотына ақша аудармауға, HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer және басқа да қашықтан басқарылатын қосымшаларды орнатпауға шақырады.

Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне қаржылық салым салуды ұсынбайтынын, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз.

Егер сіз қандай да бір алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арыздану керек екенін айтамыз.

Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны