08.05.2026, 17:20 781
Мемлекет басшысы "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Конституциялық заңның негізгі мақсаты - Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуы үшін жағдай жасау, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қаланың ерекше құқықтық мәртебесіне сай инновациялар, инвестициялар және экономикалық өсім үшін қолайлы орта құруға бағытталған дербес экожүйені қалыптастыруды көздейтін түбегейлі жаңа тәсілдер қолданылады.
Конституциялық заңға сәйкес, қаланы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі енгізілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, құмар ойындары, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, архитектура мен қала құрылысы, экология әрі қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, спорт және тағы басқа салаларды реттеудің негізгі қағидалары белгіленді.
Алатау резиденті" құқықтық мәртебесі бекітілді. Арнаулы мәртебені әкімшілік бірқатар санат бойынша жеке және заңды тұлғаларға береді. Арнайы режимнің қолданылу көлемі мен тиісті құқықтар, міндеттер мен талаптар осы резидент мәртебесіне қарай анықталады.
Шаһардың ұзақ мерзімді инвестициялық және технологиялық өркендеуі стратегиялық құжаттар негізінде қамтамасыз етіледі. Нақты айтқанда, Алатау қаласының ұзақ мерзімді даму жоспары, мастер-жоспары және дамыту стратегиясы қабылданады.
Алатау қаласының қауіпсіздігін, сондай-ақ "ақылды қала" ретінде тиімді жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық басқару платформасына біріктіріледі.
Сонымен қатар қаланың инвестициялық климаты мен инвесторларға берілетін кепілдіктері, салық-бюджет саясаты, дизайны мен жер қатынастары аталған конституциялық заң аясында реттеледі.
Конституциялық заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
11.05.2026, 13:14 2856
Мемлекет басшысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевты қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіпті дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президентке өңдеу өнеркәсібінде жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берілді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына көлік-логистика инфрақұрылымы мен құрылыс саласын дамыту жайында айтылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, отандық тауар өндірушілерді қолдауды және алдағы жылу беру маусымына дайындық шараларын бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.05.2026, 10:36 70486
Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қошанов соғыс жылдарында құрбан болғандарды еске алды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Жеңіс күніне орай Астанадағы «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Шараға қатысушылар соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін және соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жеңіс күні бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, ұрпақтар сабақтастығы мен татулықты және ел тыныштығын сақтау жауапкершілігін жадымызда жаңғыртатын тарихтағы ең атаулы күндердің бірі болып қала береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.05.2026, 10:26 70991
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады
Достарға айту
Президент Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасып, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз еткенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қымбатты отандастар!
Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрықша құрмет көрсетеміз.
Еліміз ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етті. Жүзден астам жерлесіміз "Даңқ" орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды.
Біз аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмытпаймыз. Жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне мемориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, музейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен институттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатыр.
Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру - бүгінгі буынның қасиетті парызы. Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз.
Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ата заңымыз ешкімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жармайды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды.
Ұлы Жеңіс күні - ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл - ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке.
Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін!
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.05.2026, 20:24 2586
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жұмыстары күшейтілуде
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы жөніндегі Денсаулық сақтау министрлігінің есептері тыңдалды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ең алдымен, Аида Балаеваға денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жұмыстары туралы баяндалды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов e-Densaulyq бірыңғай архитектурасы аясында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Негізгі мақсат - бытыраңқы цифрлық шешімдерден бас тартып, деректер бір рет қалыптастырылып, салаға қатысушы барлық тарап қайта енгізусіз пайдалана алатын бірыңғай жүйеге көшу.
Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелер 7 негізгі цифрлық компонентке біріктірілуде. Жүйелерді кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр: жыл соңына дейін Бірыңғай денсаулық сақтау порталын және Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Бірыңғай медициналық деректер қоймасын енгізу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске асыру процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және саланы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа архитектураның негізгі элементі Бірыңғай медициналық деректер қоймасы болмақ. Қазіргі уақытта оған 12-ден астам медициналық ақпараттық жүйе қосылған. Соның негізінде пациенттің Электрондық денсаулық паспорты қалыптастырылады. Онда өңіріне немесе медициналық ұйымына қарамастан, пациентке көрсетілген медициналық көмектің толық тарихы жинақталады.
Бұл дәрігер үшін әртүрлі жүйелер арасында ауысып отырмай, "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істеуге жол ашады. Медицина қызметкері пациенттің ауру тарихын, талдау нәтижелерін, тағайындауларды және бұған дейін көрсетілген қызметтерді бір жерден көре алады. Ал пациент үшін бұл медициналық қызмет алу уақытын қысқартып, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар практикалық цифрлық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында жедел медициналық көмек бригадалары мен алғашқы медициналық-санитариялық көмектің мобильді бригадалары үшін смарт-бейнежетондарды енгізу, интеллектуалды бейнеаналитика элементтері бар кешенді бейнебақылау жүйесін құру, дәрілік заттар мен вакциналарды сақтау жағдайын бақылауға арналған "Суық тізбек" жүйесін дамыту, сондай-ақ ауылдық медициналық ұйымдар үшін телемедицина сервистерін кеңейту бар.
Кеңес барысында ауылдық елді мекен тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, алғашқы медициналық-санитариялық көмек инфрақұрылымын дамытуға, орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуға және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған Ұлттық жобаны іске асыру нәтижелері де қаралды.
Бүгінде жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Оның 639-ы аудандық ауруханалардың балансына берілді, 587 нысан бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензия алынды. Сонымен қатар 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыруды, Ұлттық жоба аясындағы іс-шаралардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмысты облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде жеке бақылауға алуды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.05.2026, 19:07 3101
Мемлекет басшысы Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық рейтингтік турниріне барды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысымен бірге сайысты Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер тамашалады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жарысқа әлемнің 36 елінен 300-ге жуық үздік спортшы қатысып жатыр.
Олардың арасында дүние жүзінің үздік палуандары - Олимпиада ойындарының, әлем чемпионатының және құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Еліміздің абыройын 53 спортшы қорғайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.05.2026, 15:16 1196
Жетісуда екі жылда 13 елді мекен газдандырылады
Достарға айту
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, халықтың сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметінен.
Жетісу облысында газ және энергетика инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. 2026 жылы 4 газдандыру жобасы іске асырылады. Нәтижесінде 4 ауылдық елді мекендегі қосымша 10 мың адам табиғи газға қол жеткізіп, газдандыру деңгейі 68,6%-ға жетеді.
2027 жылы 134 мың халқы бар 9 елді мекенді газбен қамту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде газдандыру деңгейі 87,9%-ға дейін өседі.
Сонымен қатар "Текелі энергетикалық кешені" ЖШС-ін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Үкімет Талдықорған қаласындағы жылумен жабдықтау нысандарының құрылысын аяқтауға қаражат бөлді. Қаржыландыру қаланың жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандық пен жылу желілерін салу жобаларын аяқтауға бағытталған.
Жобаларды іске асыру Болашақ, Көктем, Бірлік және Құлагер шағынаудандарындағы жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қыркүйек айында қуаты 49 Гкал/сағ болатын жаңа қазандықтың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ күзде Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының жылу желілерін салу жобасы толық аяқталады. Бұл қазандықтың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жаңа шағынаудандардағы 20 мың тұрғын сенімді жылумен қамтылады.
Кездесу барысында тұрғындар өңірді газдандыру, сұйытылған мұнай газымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзекті сұрақтарын қойды. Вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев барлық сауалдарға жан-жақты жауап берді. Барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.05.2026, 12:33 70756
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов Қызылорда облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-министр Қызылорда облысы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: Ардақ Зебешев және Мұрат Ергешбаевты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 81% депутат Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдады. 19% депутат Ардақ Зебешевке дауыс берді.
ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып Мұрат Ергешбаев тағайындалды.
Олжас Бектенов облыс активімен кездесуде Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 жылда 2 есеге артып, 3,7 трлн теңгеге жетті. Инвестиция тарту, әлеуметтік маңызды инфрақұрылымды салу және жаңғырту, абаттандыру және басқа да салалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Премьер-министр облыс активіне өңірдің жаңа әкімі Мұрат Ергешбаевты таныстырып, Президенттің Қызылорда облысы басшылығының алдына бірқатар басым міндет қойғанын атап өтті. Бұл - бірінші кезекте Мемлекет басшысының бастамасымен елімізді әрі қарай жаңғыртуға бағытталған, халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономика салаларын әртараптандыру және цифрландыру, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сынды өзге де басым бағыттарға бағдарланған конституциялық реформаны жүзеге асыру.
Президенттің бастамасымен елімізде маңызды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізілуде. "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасының нәтижелі жүзеге асырылуы осы отырған бәрімізге байланысты екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуын үнемі назарда ұстап келеді. Мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық құрылым мен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет", - деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қатар Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Өңір басшылығы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін маңызды жобалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі керек. Президенттің бастамасымен Қызылорда қаласында қуаты 240 МВт болатын жаңа газ ЖЭО-сы салынып, пайдалануға берілді, ол халықтың электр және жылу энергиясына деген сұранысын толығымен жабуға мүмкіндік береді. Ірі энергетикалық жобаға 215 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды.
Сонымен қатар Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілді, оған республикалық бюджеттен 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
АӨК саласында ауыл шаруашылығы дақылдары көлемін оңтайландыру және су үнемдеу технологияларын енгізу міндеттерінің маңыздылығы атап өтілді.
Кәсіпкерлік белсенділікті қолдау арқылы шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуға және олардың өңір экономикасындағы үлесін одан әрі арттыруға назар аударылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 24,7%-ды құрады.
Сондай-ақ талдау және бюджет қаражатын тиімді жұмсау бойынша тәжірибені жалғастыру қажет. Қызылорда облысында кейінгі 4 жылда әлеуметтік салада 100 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Үнемделген қаржы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.05.2026, 11:05 1231
Балалардың профилактикалық тексерулері мен мектеп медицинасының форматы айтарлықтай жаңартылмақ
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасы шеңберінде балалардың профилактикалық тексерулерін толық цифрландыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Аппараттық кеңес барысында ведомство басшысы мектеп жасындағы балаларды профилактикалық медициналық тексерудің қолданыстағы моделі жеткілікті деңгейде тиімді еместігін және формалды сипатта қалып отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда басымдық диагностика сапасына емес, сандық көрсеткіштерге берілуде.
Қолданыстағы мәселелерді шешу үшін профилактикалық тексерулердің қазіргі моделін өзгерту, нәтижелерді өңдеуге арналған цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ функциялардың бір бөлігін орта буын медицина қызметкерлеріне беру көзделіп отыр.
Бейінді мамандар тапшылығы мен медицина қызметкерлеріне түсетін жоғары жүктеме бір баланы қарауға бөлінетін уақыттың қысқаруына, үстірт диагностикаға және денсаулықтағы бұзушылықтарды анықтау деңгейінің төмен болуына алып келуде. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар балаларды есепке алу мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр", - деді өз баяндамасында Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Балаларды профилактикалық медициналық тексеру жүйесін жетілдіру мақсатында білім беру ұйымдарын цифрлық электрокардиографтармен, пульсоксиметрлермен, бой-өлшеуіш және таразылармен, отоскоптармен, сондай-ақ деректерді автоматты түрде жіберетін телемедициналық кешендермен жабдықтау жоспарлануда.
Алдағы уақытта интраоральды камералармен, плантографтармен және авторефрактометрлермен қосымша жарақтандыру көзделген.
Министр балалардың профилактикалық медициналық тексерулерін толық цифрландыруды және барлық деректерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне интеграциялауды, сондай-ақ баланың электрондық денсаулық паспортын қалыптастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Балалардың денсаулығына қатысты барлық деректер жүйелі түрде жинақталып, талданып және адам өмірінің барлық кезеңінде сүйемелденуі тиіс. Бұл бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етіп, ауруларды ерте анықтаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ведомство басшысы.
А. Әлназарова 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде профилактикалық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған форматын кезең-кезеңімен енгізуді бастау жөнінде тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
12.05.2026, 09:51Өнеркәсіптің өңдеу секторындағы өсімі төрт айда 9,9%-ды құрады 12.05.2026, 08:26 481Мұнай өңдеу тереңдігі ашық өнімдер өндірісінің өсуі аясында 90%-ға жетті
09.05.2026, 10:20 140376Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесу өткізді08.05.2026, 09:04 113306ШҚО әкімі Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды09.05.2026, 10:26 70591Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады08.05.2026, 12:33 70356Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов Қызылорда облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды09.05.2026, 10:36 70086Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қошанов соғыс жылдарында құрбан болғандарды еске алды
13.04.2026, 21:35 474626Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 474536Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады474496Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады17.04.2026, 20:43 439796Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты17.04.2026, 18:46 439311Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты

