24.02.2021, 22:51 20123

Nur Otan қазақстандықтар үшін министрлермен онлайн-кездесулер ұйымдастырды

"Nur Otan"-ның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың министрлермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен онлайн-кездесулері жалғасуда.
Нұр-Сұлтан. 24 ақпан. Kazakhstan Today - "Nur Otan"-ның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың министрлермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен онлайн-кездесулері жалғасуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Әділет министрі Марат Бекетаевтың азаматтарды қабылдауы барысында алиментті уақытылы төлеу туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Кентау тұрғыны Бағила Тоғмағамбетова жеке сот орындаушыларының берешекті өндіріп алу бойынша әрекетсіздігіне шағымданды. Тура осындай мәселемен министрге Түркістан облысының тұрғыны Ақмарал Жақыпова да жүгінді. Қабылдау қорытындысы бойынша министр өңірлік құрылымдарға барлық материалдарды зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды", - деп хабарлады партия Орталық аппаратының баспасөз қызметі.

 
Ақпаратқа сәйкес, адвокат Жанна Оразбахова Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы орталықтар құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл орталықтарда зардап шеккендерге көмек "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілуі мүмкін, яғни, сол жерде полиция бірден шағымын қабылдап, дәрігерлер тексеру жүргізіп, психологтар қажетті көмек көрсетеді.
 
Өз кезегінде Ерлан Тұрғымбаев жобамен егжей-тегжейлі танысуға уәде берді. Министрдің азаматтарды қабылдауы 4 сағаттан астам уақытқа созылғанын айта кетейік.
 
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың қабылдауында "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова Қазақстандағы зиянды өнімдерді реттеу мәселесін көтерді.
 

Алматы қаласының тұрғыны Гүлдария Қастеева Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға Ә.Қастеевтің музей-үйіне қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және іргелес аумақтың күрделі жөндеу мен абаттандыруды қажет ететінін, сондай-ақ қызметкерлердің жетіспейтінін айтты. Министр бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алды", - деді партияда.

 
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуде азаматтар қашықтан оқыту және педагогикалық мамандық түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін көтерді.
 
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мен Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев та азаматтарды қабылдады.
 
Айта кетейік, өткен жылы "Nur Otan" партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне бүкіл ел бойынша 393 мыңнан астам өтініш келіп түсті Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте соңғы 5 жылда партияға 1,2 млн адам жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн форматта. Олардың 92% оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді.
 

Талдау көрсеткендей, халықты негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 30%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету – 15%, еңбек даулары – 14%, құрылыс – 9%, білім беру – 9%, медициналық қызмет көрсету – 7% мәселелері алаңдатты", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

 
Министрлердің – "Nur Otan" партиясы мүшелерінің қабылдауына жазылу үшін төмендегі нөмірлерге хабарласу керек:
 
1. Call-орталық 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); 
 
2. WhatsАpp 8700 800 4441 
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны