03.01.2022, 16:27 10981

Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Жаңаөзендегі жағдайға қатысты шаралар қабылдайды

НҰР-СҰЛТАН. 3 ҚАҢТАР - ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады. 
 
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. 
 
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. 
 
Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады. 
 
Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты болған оқиғаны құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды
 
Бұған дейін хабарланғандай, Маңғыстау облысының тұрғындары газ бағасына қарсы митинг өткізді
 
Қазақстанда сұйытылған газ өндірушілер электронды сауда-саттыққа көшті. Электронды саудаға көшкенге дейін сұйытылған мұнай газының бағасы өз құнынан төмен бағаға сатылғандықтан, өндірушілер үшін тиімсіз болды. 2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша жеткізушілер Маңғыстау облысы үшін өндірушілерден 17 406 тонна сұйытылған мұнай газын сатып алды (Жеткізу жоспары бойынша бөлінгеннің 96,5%). Осылайша, Маңғыстау облысына қаңтарда сұйытылған газ жеткізудің орташа көтерме бағасы 133 126 теңге/тонна немесе 78 теңге/литр құрады. Бұл ретте бөлшек сауда бағасы Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында 100-120 теңге/литр болды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны