20.02.2023, 19:33 21866

ҚР СІМ: Түркияда жер сілкінісі салдарынан хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтар жоқ

Апат аймағында жер сілкінісі кезінде қалып қалған 190-нан астам отандастарымыздың орналасқан жері анықталды
Астана. 20 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Түркиядағы ең ауыр жер сілкінісінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және шет елдердегі мекемелеріне ҚР азаматтарынан 1200-ден астам өтініш келіп түсті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, атқарылған жұмыстың нәтижесінде апат аймағында жер сілкінісі кезінде қалып қалған 190-нан астам отандастарымыздың орналасқан жері анықталды. Отанына оралуға ниет білдірген 78 азаматымыз апат аудандарынан гуманитарлық әуе кемелерімен Астана және Алматы қалаларына жеткізілді. Осы борттармен Қазақстанға 24 Қырғызстан азаматы және елге оралған отандастарымыздың отбасы мүшелері болып табылатын 5 Түркия азаматы жеткізілді.

ҚР СІМ хабарламасы бойынша, бүгінгі таңда Түркияда жер сілкінісі салдарынан жоғалған ҚР азаматтары туралы қосымша ақпарат келіп түскен жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 7,7 баллдық жер сілкінісі Түркияның оңтүстік-шығысында 6 ақпанда таңертең болған. Дүйсенбі күні түстен кейін тағы 7,6 баллдық жер сілкінісі болды. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жер сілкінісі 1939 жылдан бері ең күшті болды. Ол Түркияда апат құрбандарына жеті күндік ұлттық аза тұту туралы жариялады, ал апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ, жер сілкінісі Сирияның Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларына әсер етті.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 40 689-ға дейін өсті. Табиғи апаттарды жою басқармасының (АFAD) басшысы Юнус Сезердің айтуынша, жер сілкінісі әсер еткен Түркияның көптеген өңірлерінде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.

20 ақпанда Нурдагы қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралды. ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Астана әуежайына қонды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны