03.11.2022, 14:17 31926

Сенат Конституциялық сот және Прокуратура туралы заңдар қабылдады

Сенат Конституциялық сот және Прокуратура туралы заңдар қабылдады
Сурет: senate.parlam.kz
Астана. 3 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары "ҚР Конституциялық соты туралы" және "Прокуратура туралы" конституциялық заңдарды мақұлдады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
 
Сенат Төрағасы конституциялық заңдарды қабылдау жөнінде пікір білдіріп, Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.
 

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Осы ретте жаңа талаптарға сәйкес ел Президентінің саяси партияға мүше болуы тоқтатылатынын атап өткен жөн. Бұл норма барлық судьяларға, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне және Жоғары аудиторлық палатаға да қатысты болмақ. Енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басшыларына саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерінде лауазымдар иеленуге тыйым салынады.
 
 "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" конституциялық заңға сәйкес құрылып жатқан жаңа институт азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы туралы өтініштерін қарайды. Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де беріліп отыр. Конституциялық Сот жоғарғы сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етеді, елдегі азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға септігін тигізеді.
 

Бұл Конституциялық заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын және конституциялық бақылауды күшейтуге арналған. Алдағы уақытта Конституциялық сот азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерін қарайды. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы берілген. Алдағы уақытта Конституциялық Сот жоғарғы сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, ел игілігіне нәтижелі қызмет етеді деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Бүгінгі отырыста қабылданған "Прокуратура туралы" конституциялық заң аудандардан бастап орталыққа дейінгі прокуратураның бүкіл жүйесі мен құзыретін айқындайды.
 

Бұл конституциялық заң биылғы маусым айында өткен республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру үшін әзірленді. Құжатқа сәйкес Прокуратураның негізгі мақсаттары адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып айқындалды. Осылайша прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттеліп отыр. Мұндай қадам құқық қорғау жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз", – деді Сенат Төрағасы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны