30.04.2021, 20:21 15699

Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. 30 СӘУІР - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Құрметті отандастар! Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген",- деді Мемлекет басшысы.

 
Ол тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған "әралуандығымыз – бірлікте" қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырғанын атап өтті. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.
 

Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!", - деді Тоқаев.

 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күні қазақстандықтар үш күн демалады. Биыл 1 мамыр сенбіге келеді, сондықтан демалыс күні дүйсенбі, 3 мамырға ауыстырылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны