26.11.2021, 17:21 103804

Тоқаев Бельгияда бірқатар кездесулер өткізді

БРЮССЕЛЬ. 26 ҚАРАША - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға ресми сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға ресми сапары осы елдің королі Филиппен кездесуден басталды.
 
Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі Еуропаға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемалар жөнінде пікір алмасты.
 

Елдеріміз арасындағы түрлі саладағы өзара ықпалдастық кеңейіп келе жатыр. Бұған біздің елімізге үш рет келген Сіздің қосқан үлесіңіз зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент Қазақстанда кейінгі жылдары жүргізіліп жатқан саяси реформаларға арнайы тоқталды. Бельгия Королі елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар мен экономикалық және гуманитарлық саладағы жұмыстар туралы мәліметтерді қызығушылықпен қабылдады.
 
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытатын перспективалы бағыттарды атап өтті. 
 
Сондай-ақ келесі жылдың қыркүйек айында елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтетінін айтты. Сол маңызды іс-шараға Король Филипп те қатысады деп үміттенетінін жеткізді.
 
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапары аясында Бельгияның Премьер-Министрі Александр Де Кроомен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастардың даму перспективаларын жан-жақты қарастырды. Сондай-ақ олар халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды талқылады.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғалы Бельгияға алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Бельгияны Еуропалық Одақтағы саяси және экономикалық тұрғыдан маңызды серіктес санайтынын жеткізді.
 
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, Бельгия – еліміздің экономикасына инвестиция салу жөнінен алтыншы орындағы мемлекет. 2005 жылдан бері Бельгия инвестициясының жалпы мөлшері 9,3 миллиард АҚШ долларына жетті. Пандемияға қарамастан, өзара сауда көлемі 13 пайызға өсіп, 300 миллион доллардан асты. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 65 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер жұмыс істейді.
 
Экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде үкіметаралық комиссия құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
 
Сонымен қатар тараптар коронавирус пандемиясына қарсы күрес бойынша ықпалдастық орнату мәселесін қарастырды. Мемлекет басшысы Бельгияның Премьер-Министріне қазақстандық QazVac вакцинасының жасалғаны туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бельгиялық биофармацевтика саласының даму деңгейін жоғары бағалап, QazBioPharm ұлттық холдингі мен жақында құрылған бельгиялық биофармацевтикалық платформа арасында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
 
Әңгімелесу барысында тараптар Глазгодағы СОР26 саммитінің қорытындылары бойынша климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді талқылап, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұлттық деңгейде қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
 
Кездесуде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге, адам саудасы мен заңсыз миграцияға қарсы күрес мәселелері де сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.
 
Мемлекет басшысы ЕуроОдақпен аймақтық деңгейдегі байланыстар жөнінде айта келіп, "Қазақстан – ЕуроОдақ" және "Орталық Азия – ЕуроОдақ" форматтары бойынша Бельгиямен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін нақтылады. Осы ретте Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің, сондай-ақ ЕуроОдақтың Орталық Азия жөніндегі жаңа стратегиясының барлық әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығына мән берілді. 
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Де Крооға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді. Бельгия Премьер-Министрі Қазақстанның ЕуроОдақпен ынтымақтастығын жоғары бағалады.
 
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Бельгия Премьер-Министрін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Александр Де Кроо елімізге келуге қызығушылық білдірді.
 
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді. Олар Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің тиімді жүзеге асырылуына баса мән бере отырып, Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.
 
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық салалар бойынша ықпалдастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар коронавирус пандемиясына қарсы күреске, оның ішінде вакциналарды және вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты өзекті мәселелер сөз болды.
 
Бұдан бөлек тараптар халықаралық және өңіраралық күн тәртібін, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды және осы елге гуманитарлық көмек көрсету үшін күш жұмылдыру мәселесін талқылады.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельдің Еуропалық кеңес президенті лауазымындағы көшбасшылығын жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастыққа бағытталған ашық әрі конструктивті ұстанымына ризашылық білдірді.
 
Мемлекет басшысы соңғы 30 жылда Қазақстан мен ЕуроОдақ арасында өзара сенімге, құрметке және ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынас орнағанын атап өтті.
 
Тараптар 29 бағыт бойынша ықпалдастықтың құқықтық негізін қалыптастыратын Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді толық іске асырудың маңыздылығын атап өтті. ЕуроОдақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының, сондай-ақ ЕуроОдақ – Орталық Азия бағытындағы белсенді диалогтың тиімді жүзеге асырылу барысына оң баға берілді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, ЕуроОдақ – Қазақстан экономикасына жалпы 160 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған ең ірі инвестор. Ал Қазақстан – ЕуроОдақтың Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда серіктесі. Өзара сауда айналымы 24 миллиард долларға жеткен.
 
Кездесуде Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесіне тоқталып, аймақтағы мемлекеттердің гидроэнергетика, ирригация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды мүдделерін теңестіруге бағытталған Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды.
 
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕуроОдақ жүзеге асырып жатқан еуропалық "жасыл келісім" атауымен белгілі жаңа экологиялық даму моделіне тоқталды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді әрі тұрақты түрде шикізатқа қолжетімділікті, сондай-ақ еліміздің аккумуляторлық құн тізбегіне бірігуін қамтамасыз ету арқылы Еуропалық шикізат альянсымен және Еуропалық аккумуляторлық альянспен арадағы серіктестікті жолға қоюға дайын екенін жеткізді.
 
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны