18.06.2021, 22:56 22304

Тоқаев халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Тоқаев газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында өңірлер бойынша газ тарифтерін тегістеуді тапсырды.
НҰР-СҰЛТАН. 18 МАУСЫМ - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында өңірлер бойынша газ тарифтерін тегістеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қол жетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Ол Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде болып отырғанын атап өтті. 
 

Еліміздің бірқатар өңірлерінде ішкі нарықтағы бөлшек сауда бағаларын ұлттық оператор экспорттық жеткізілімдер есебінен субсидиялайды. Бұл дұрыс. Ұлттық оператор мәртебесі елдің жалпы экономикалық дамуына белсенді қатысуды білдіреді. Сонымен бірге Үкімет бұл тұрғыда ҚазТрансГаздың мүмкіндіктері қандай екенін зерделеуі керек. Біз экспорттық жеткізілімдер мен тиісінше экспорттық кірістер төмендейтінін айтқан болатынбыз", - деді ҚР Президенті.

 
Президенттің бейне сөзін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жариялады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны