12.10.2022, 14:32 8881

Тоқаев Катар Әмірімен екі ел арасындағы қарым қатынастың перспективаларын талқылады

Катар Әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 10-нан астам құжатқа қол қойылды.
Тоқаев Катар Әмірімен екі ел арасындағы қарым қатынастың перспективаларын талқылады
Астана. 12 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Президент Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәниге шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс айтты.
 

Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қатар Әмірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
 

Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінгі мемлекеттік сапар аясында маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықтарды бүгін талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту. Бүгін біз кеңейтілген құрамда министерлердің қатысуымен осы мәселелерді жан-жақты қарастырамыз. Сондай-ақ ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдіремін", – деді Қатар Әмірі.

 
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
 
Қазақстан Президенті Қатардың әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі екенін атап өтті.
 
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға екі жақтың да ниетті екенін нақтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
 

Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы "Әл-Фараби" мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін жеткізді.
 
Катар Әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 10-нан астам құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденін табыс етті.
 
Естеріңізге сала кетейік, Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанға мемлекеттік сапармен 11 қазанда келген болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны