21.07.2022, 15:39 30681

Тоқаев Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимыл тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды

Шолпан-атада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі басталды.
Тоқаев Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимыл тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды
ШОЛПАН-АТА. 21 ШІЛДЕ - Шолпан-атада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі басталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қауіпсіздік пен дипломатия салаларындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала беретінін атап өтті.
 

Бұл Орталық Азия халықтарының өркендеуіне тиісті жағдай жасау үшін өте қажет. Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға, жан-жақты ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылған ауқымды аймаққа айналуы қажет. Қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу жөніндегі шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшыларының тұрақты консультациялар механизмін іске қосқан жөн. Бұдан бөлек, өңірлік және халықаралық проблематиканың маңызды мәселелеріне қатысты келісілген әдістерді әзірлеу үшін сыртқы істер министрлеріне, кемінде жарты жылда бір, тұрақты түрде кеңес өткізуге тапсырма беруді ұсынамын", - деді Президент.

 
Аймақтан тыс серіктестермен арадағы ынтымақтастыққа келер болсақ, Қазақстан көпжақты форматтар аясында Орталық Азия мемлекеттерінің іс-қимылдар тұжырымдамасын қабылдауға болады деп санайды.
 

Біз белгіленген географиялық шекарамыздың шеңберінде қалып қоймауымыз керек деп ойлаймын. Орталық Азия көшбасшыларының Консультативтік кездесуіне шақырылған қонақ ретінде өзге де шекаралас мемлекеттердің, мәселен Ресей мен Қытайдың жоғары лауазымды өкілдері қатысуына болар еді. Бұл Орталық Азия елдеріне, әсіресе нақты мәселелерді қарастыру кезінде пайдалы болады", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі уақытта да Орталық Азияның маңызды миссиясы – жаһандық саясат пен экономиканың бәсекелесуші полюстері арасында дәнекер болу. 
 
Оның айтуынша, құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесу Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. 
 

Біздің қатынастарымыздың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бүгін қабылданатын шартта бекітілген. Бұл тарихи құжат бесжақты стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіреді", – деп атап өтті Қазақстан Президенті. 


Тоқаев Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайтудағы, әлемдік аренадағы Орталық Азияның рөлін арттырудағы стратегиялық бағытына адал болып қала беретінін айтты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны