16.09.2022, 17:36 35411

Тоқаев Пәкістан Премьер-министрімен кездесу өткізді

Кездесуде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Тоқаев Пәкістан Премьер-министрімен кездесу өткізді
Сурет: akorda.kz
САМАРКАНД. 16 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шарифпен кездесу өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифке ілтипат білдіре отырып, жуырда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза болуына және оның елге айтарлықтай зардабын тигізуіне байланысты тағы да көңіл айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның достас Пәкістан халқына шынайы тілеулестігінің белгісі ретінде табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсеткенін және бұл елді алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін нақтылады. 
 
Мемлекет басшысы екі ел берік серіктестік пен мазмұнды саяси диалог орнатып, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды нығайту үшін белсенді жұмыс істеп жатқанына тоқталды.
 
Өз кезегінде Шахбаз Шариф қиын-қыстау жағдайда еліне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне зор ризашылығын білдірді. Пәкістан Премьер-министрі жойқын су тасқыны климаттың өзгеруі салдарынан болып отырғанын айтты.
 
Ол Қазақстан мен Пәкістан арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
 
Сонымен қатар кездесуде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны