03.03.2021, 22:03 20109

Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің кездесуі барысында экологияға назар аударды

Тоқаев бұл мәселелерге қатысты инвесторлардан қоршаған ортаны жақсарту мен көміртегі қалдығын азайту жөнінде батыл әрі нақты іс-қимылдар күтетінін мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан. 3 наурыз. Kazakhstan Today - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компаниялары басшыларының жұмыс кездесуі видео конференция форматында өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жиын барысында еліміздің мұнай-газ секторын дамыту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қарастырылды.
 
Президент жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, мұнай-газ саласы Қазақстаның дамуында ерекше маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдік сауда мен экономиканың біртіндеп қайта қалпына келуінің арқасында, біз мұнай-газ секторының халықаралық деңгейдегі, сондай-ақ, ел ішіндегі жағдайына зор үміт артып отырмыз.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев ірі мұнай-газ жобалары бойынша жасалған уағдаластықтардың уақтылы іске асырылуына назар аударды. Президент Үкімет пен инвесторлардың түсіністікке келгенін, енді осы келісімдерді толықтай жүзеге асыруды қамтамасыз етудің және жедел шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
 

Пандемияға қарамастан Теңіз кенішін кеңейту жобасы кестеге сәйкес іске асып жатыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешімнің қабылдануы – жүйелі жұмыстың тағы бір мысалы. Қазіргі уақытта біз Қашағанды дамытудың ауқымды жоспарының қабылдануын күтіп отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметтің инвестиция тартудың жаңа тетіктері ұсынылған баяндамасына, оның типтік келісім-шарттарды жетілдіру бөлігіне баса мән берді. Президент бұл ұсыныстарды қолдап, инвестицияның құқықтық тұрғыдан қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, қажет жағдайда инвестициялық жеңілдіктер жасауға тиісті механизмдердің бәрін мұқият пысықтау қажеттігін айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке жұмыс тобының келесі отырысына жетілдірілген типтік келісім-шарттық механизм әзірлеуді тапсырды.
 
Бұдан бөлек Президент көмірсутегін қайта өңдеуде инвестицияны реттеудің заманауи және оңтайлы тетігін әзірлеу қажеттігін айтты.
 
Мемлекет басшысы жергілікті өнімді арттыру мәселесіне арнайы тоқталды. Бұл ретте ол технология трансфертін және өндірісті бір жерге шоғырландыруды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар әзірлеу жөнінде Үкіметке берген тапсырмасын еске салды.
 

Мен елішілік құндылық (in-country value) қалыптастыруда, ішкі технологиялық және өнеркәсіптік дамуды ынталандыруда энергетикалық жобалардың маңыздылығын үнемі айтып келемін. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы прогресс мәз емес. Бізге тың әрі батыл қадамдар жасау керек", – деді Президент.

 
Президент экологиялық мәселелерге назар аударды. Бұл ретте Мемлекет басшысы мұнай-газ компанияларының газды факелдерде жағып жіберу кезінде шығатын қалдықтарға салынатын төлемдердің әр келкілігі жөніндегі өтініштерін қолдайтынын атап өтті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерге қатысты инвесторлардан қоршаған ортаны жақсарту мен көміртегі қалдығын азайту жөнінде батыл әрі нақты іс-қимылдар күтетінін мәлімдеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны