21.04.2022, 17:20 24071

Тоқаев Сыртқы істер министрінің орынбасарын тағайындады

Ермұхамбет Қоныспаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Тоқаев Сыртқы істер министрінің орынбасарын тағайындады
НҰР-СҰЛТАН. 21 СӘУІР - Ермұхамбет Қоныспаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысының өкімімен Ермұхамбет Болатпекұлы Қоныспаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
 
Ермұхамбет Қоныспаев 1976 жылы 8 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Сондай-ақ Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық университетінің магистратурасын Еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша бітірді. Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық білім беру стипендиясының түлегі.
 
Дипломатиялық қызметін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 2001 жылы Екіжақты ынтымақтастық департаментінің атташесінен бастады. 2002 жылы Қазақстанның Германиядағы Елшілігіне атташе болып жолданды. 2003-2007 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшы қызметін атқарды.
 
2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне аға кеңесші ретінде жұмысқа ауысты.
 
2008-2014 жылдары Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы және кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014 жылғы қараша айында Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды. 
 
2017 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы болды.
 
2019 жылы Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консул лауазымына тағайындалғанға дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры қызметін атқарды. 
 
II дәрежелі кеңесші дипломаттық дәрежесі бар. Неміс және ағылшын тілдерін біледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны