16.03.2022, 16:50 5046

Тоқаев құқық қорғау органдарының ұсталғандарға азаптау шараларын қолданғанын мойындады

Тоқаев құқық қорғау органдарының ұсталғандарға азаптау шараларын қолданғанын мойындады
НҰР-СҰЛТАН. 16 НАУРЫЗ - Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ұсталғандарға қатысты азаптауды қолданғанын мойындады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті оларды азаптағаны туралы фактілер болғанын ашық айттық. Орта ғасырлардан қалған осындай жабайылық кез-келген өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Бұл біз үшін де мүлде жат қылық. Мұндай сорақы оқиғалар болғаны жайлы айтыла бастаған сәтте-ақ, мен оны мұқият тексеруді тапсырдым", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысының айтуынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты.
 
Сонымен қатар, ол құқық қорғаумен айналысатын азаматтар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері оқшаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысушылардың қамаудағы жай-күйімен танысып, олардың шағымдарын қарағанын атап өтті. 
 

Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады", - деді Тоқаев.

 
Оның айтуынша, мұндай жұмыс тәсілі тергеу үдерісінің ашық және демократиялы екенін көрсетті, әрбір өтініш пен арыз-шағымды жеке-жеке қарауға мүмкіндік берді. 
 

Соның нәтижесінде заңға қайшы үкім шығару ықтималдығы едәуір азайды. Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс", - деп толықтырды Президент.

 
Тоқаев азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ.
 

Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын", - деді ол.

 
Сондай-ақ, Президент Бас прокуратураға тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешуді тапсырды.
 

Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын", - деп тапсырды Тоқаев.

 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санайды.

Бұған дейін ҚР Бас прокуроры азаптау фактісі бойынша 243 іс қозғалғанын айтты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны