30.04.2021, 20:05 15791

Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Ол "Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне" сенім білдірді.
НҰР-СҰЛТАН. 30 СӘУІР - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ. Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән. Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын", - деді Тоқаев.

 
Ол "Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне" сенім білдірді.
 

Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын", - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

 
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға 28 сәуірде тәжік тарапы Баткен ауданының Көк-Таш ауылындағы "Головный" су тарату пунктінің жанындағы электр бағанына бейнебақылау камераларын орната бастағаннан кейін басталды. Жергілікті тұрғындар жабдықты алып тастауды талап етті. Ауызша дау төбелеске айналды: тараптар бір-бірін таспен лақтыра бастады. Кейін атыс басталды. 29 сәуір күні кешке Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатып, әскери күштерді бұрынғы орналасқан жерлеріне апаруға келіскені белгілі болды. 07.50-де қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиғадан зардап шеккендердің жалпы саны 134 адамды құрайды. 13 адам қайтыс болды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны