09.11.2021, 20:47 55975
Тоқаев жұмыс сапарымен Ыстамбұлға барады
Сурет: moystambul.ru
Достарға айту
Саммит барысында сауда, цифрландыру, жасыл технологиялар және басқа да өзекті бағыттарды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланып, Түркі кеңесі аясында көпжоспарлы өзара ықпалдастықты нығайтудың перспективалары қарастырылмақ", - деп хабарлады Берік Уәли.
Мемлекет басшысы сапар аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
05.06.2026, 21:54 2191
СҚО-да машина жасау саласының өсу қарқыны бір жарым есе артты
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Әр өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын ашуға және нақты секторда жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Мұндай жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отырған өңірлердің бірі - Солтүстік Қазақстан облысы. 2026 жылдың 4 айы бойынша өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша оң динамика көрсетіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ел облыстары арасында үшінші орынға ие болды.
Өсімге машина жасау саласы елеулі үлес қосып отыр, онда өндіріс көлемі 1,5 есеге артқан. Сонымен қатар өңірде жаңа индустриялық жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамып, жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылуда.
Бұл көрсеткіштердің артында не тұр және мемлекеттік бағдарламалар облыс тұрғындарының күнделікті өміріне қалай әсер етіп жатыр? Бұл туралы Primeminister.kz сайты редакциясының шолуынан оқыңыз.
Зауыттар толық қуатында жұмыс істеп тұр: жұмыс орындары мен жаңа өндірістер
Президент белгілеген басымдықтардың бірі - өңдеу секторын дамыту және қосылған құны жоғары өндірістер құру. Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібі өңірдегі бүкіл индустрияның шамамен 84%-ын құрайды.
Негізгі драйвер машина жасау саласы болып отыр: төрт айда өңір зауыттары 106,1 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл жай ғана сандар емес. Осы миллиардтардың артында ірі еңбек ұжымдарының тұрақты жұмысы және қызметкерлердің ертеңгі күнге деген сенімі тұр:
- "ЗИКСТО" АҚ өнім шығаруды бірден 3,5 есеге арттырып, 75,4 млрд теңгенің нәтижесін көрсетті.
- "Мұнаймаш" АҚ зауыты ширекке жуық өсім көрсетіп (+26,7%), шамамен 2 млрд теңгенің жабдығын өндірді.
- Өңірдің басқа да флагмандары - С.М. Киров атындағы зауыт пен Alageum Electric тұрақты жұмыс істеп тұр.
Экономиканы әртараптандыру аясында өңірде шағын өндірістер дамытылып жатыр. Осылайша ірі секторларға тәуелділік азаяды. 2026 жылдың алғашқы төрт айында СҚО-да өнеркәсіптің сабақтас салаларында өсім тіркелді. Облыста жиһаз, құрылыс материалдары және пластмасса бұйымдары едәуір көп өндіріле бастады.
Тау-кен өндіру секторы төрт айда 2,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 21% өсім көрсетті. Бүгінде бұл салада ондаған кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Обухов тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Ол өңірге жаңа жұмыс орындарын береді.
Qyzyljar экономикалық аймағы: миллиардтаған теңге нақты жобаларға бағытталды
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Үкімет инвестициялық саясатты нақты экономикалық әсер беретін, толық циклді жаңа өндірістік қуаттар құруға дайын сенімді серіктестерді тартуға бағыттап отыр. Өңірде жеке капиталды тарту және ауқымды индустриялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі алаңы ретінде Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.
Қазір мұнда 21 қатысушы тіркелген. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 409 млрд теңгені құрайды. Ең бастысы, бұл жергілікті тұрғындар үшін шамамен 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 6 өндіріс іске қосылып, онда 749 адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 63 млрд теңгеге тағы 6 зауытты іске қосу жоспарланып отыр.
Ірі жобалардың қатарында биыл күзде "Бейкертон" компаниясының үлкен нан-тоқаш комбинаты іске қосылады. Инвестиция сомасы 37,3 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 380 маманды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ Tiryaki Agro холдингінің май экстракциялау зауытын салу жоспарда бар. Ол тәулігіне 1,5 мың тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Арзан шикі астықты шетелге сатудың орнына, өңір дайын күнбағыс, рапс және зығыр майын экспорттайтын болады. Президент талап етіп отырған бағыт та осы. Оның үстіне жергілікті кәсіпорындардың өніміне сұраныс қазірдің өзінде жоғары: өңір экспорты ЕАЭО елдерін есепке алмағанда 72%-дан астам өсті және оның басым бөлігі дайын азық-түлік өнімдерінен тұрады.
Елдің басты астықты өңір: ауылды қолдау және қайта жаңғырту
Солтүстік Қазақстан дәстүрлі түрде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Осыған байланысты өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамыту Президенттің ерекше бақылауында. Мемлекет басшысы Үкімет пен отандық аграршылардың алдына нақты міндеттер қойды: ескірген шаруашылық жүргізу тәсілдерінен бас тарту, қолайсыз ауа райы факторлары мен монодақыл өндірісіне тәуелділікті азайту, сондай-ақ өсірілген барлық ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуді қамтамасыз ету.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет 2026 жылы СҚО аграршыларын қолдауға қомақты субсидия бөлді. Оның көлемі 90 млрд теңгені құрайды. Бұл - әрбір қазақстандықтың азық-түлік қауіпсіздігіне салынған тікелей инвестиция.
Мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасының 39 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталды. Мұндағы негізгі шығыс бағыты - жерді қорғау және құнарландыру. Сапалы пестицидтер сатып алуға 22,7 млрд теңге, ал минералды тыңайтқыштарға 12,2 млрд теңге бөлінді. Тағы 3,8 млрд теңге егіс алқаптарында тек жоғары сапалы дән пайдаланылуы үшін тұқым шаруашылығын субсидиялауға бағытталды.
Биыл жалпы 4,3 млн гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Бұл ретте Президенттің әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын нақты көруге болады:
- Дәстүрлі дәнді дақылдарға 2,9 млн гектар бөлінді. Бұл егіс құрылымын әртараптандыру аясында былтырғы деңгейден 100 мың гектарға аз.
- Екінші жыл қатарынан 1 млн гектар жер нарықта сұранысқа ие және жергілікті қайта өңдеуге жіберілетін майлы дақылдарға, яғни рапс, зығыр және күнбағысқа бөлінді.
- Мал азығы дақылдарының алқабы 405 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл кейіннен мал бордақылауда және ет пен сүт бағасының тұрақты болуында маңызды рөл атқарады.
- Картопқа 8,6 мың гектар, көкөніске 1,4 мың гектар жер бөлінді. Былтыр картоп өнімділігі 172,3 ц/га, ал көкөніс өнімділігі рекордтық 354,8 ц/га болды.
Өңір ішінде шикізатты терең өңдеуге ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде облыста жылына 1,2 млн тонна ұн өндіруге қауқарлы 28 ұн тарту кәсіпорны жұмыс істейді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында жергілікті қайта өңдеуге шамамен 235 мың тонна дәнді дақыл жіберіліп, одан 165 мың тонна ұн өндірілді.
Солтүстікқазақстандық ұн тартушылардың өнімі облыс ішінде және Қазақстанның басқа өңірлерінде белсенді сатылып жатыр. Сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Қытай нарықтарына жеткізіледі.
Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет 8,3 млрд теңге субсидия бөлді. Негізгі басымдық заманауи сүт-тауар фермалары мен кешендерін құруға берілген. Оның нәтижесін облыс тұрғындары дүкен сөрелерінен көре алады: 4 айда сүт өндірісі 7,4%-ға өсіп, 100,8 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ өңірдегі құс фабрикалары 201,5 млн данадан астам жұмыртқа өндірді.
Сонымен қатар солтүстікқазақстандық аулалар мен фермаларда мал басы көбейіп келеді. Ірі қара саны 350 мың бастан асты, қой мен ешкі саны 465 мыңға жетті, жылқы 6,6%-ға көбейіп, 172,7 мың басты құрады. Ал ең жоғары өсім шошқа шаруашылығында тіркелді - бірден 21,6%-ға артып, 173,5 мың басқа жетті.
Осындай үлкен алқаптарда жұмыс істеу үшін техникалық жарақтандыру деңгейі жоғары болуы қажет. Бұл бағытта Үкімет аграршыларға машина-трактор паркін жаңартуға қолдау көрсету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр. Егер былтыр техниканы жаңарту деңгейі 7% болса, биыл оны 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жалпы сомасы 88,6 млрд теңгеден асатын 3,5 мың техника сатып алынбақ. Қаржы құралдары арқылы СҚО аграршылары жалпы сомасы 29,9 млрд теңгеге 770 бірлік жаңа техника мен жабдық сатып алды. Атап айтқанда, "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен паркті жаңартуға 41,7 млрд теңге қаржыландырылды.
Таза су, жаңа мектептер және ЖЭО-ны жөндеу
Бүгінде өңір бюджеті нақты әлеуметтік басымдықпен бөлініп отыр. СҚО-да халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы орындалды. Мемлекет су сапасының жоғары деңгейде сақталуы үшін бұл жүйені жаңғыртуды жалғастырып жатыр.
Жылу энергетикасы саласында желілердің тозу деңгейі "Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру есебінен төмендейді. Биыл ЭКСЖ аясында жалпы сомасы 45,2 млрд теңге болатын 28 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оған 5,3 млрд теңгенің жылумен жабдықтау бойынша 5 жобасы, "Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы" АҚ-ның жалпы сомасы 16,7 млрд теңге болатын электрмен жабдықтау бойынша 11 жобасы, сондай-ақ "Көкшетау Энерго" ЖШС-нің жалпы сомасы 14,3 млрд теңге болатын 3 жобасы кіреді.
Келесі жылыту маусымы іркіліссіз өтуі үшін "СЕВКАЗЭНЕРГО" компаниясы Үкіметтің бақылауымен биыл Петропавл ЖЭО-2 қазандықтары мен турбиналарын жөндеуге 20,7 млрд теңге бағыттап отыр. Бұл ретте жоспарлы жұмыс бұған дейін де жүргізілді: 2025 жылы инвестициялық бағдарламалар аясында өңірде 5,1 млрд теңгеге 1,5 мың шақырым электрмен жабдықтау желісі және 227 қосалқы станция жөнделді. Сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге 7,3 шақырым жылу желісі реконструкцияланып, жөндеуден өтті. 2026 жылы инвестициялық бағдарламалар бойынша тағы 4,2 млрд теңгеге 1,4 мың шақырым желіні және 206 қосалқы станцияны жаңарту, сондай-ақ 1,4 млрд теңгеге 6,8 шақырым жылу желісін реконструкциялау жоспарланған.
Сондай-ақ Президенттің "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша ауылдарды энергетикалық жаңартуға қаражат бөлініп жатыр. Егер 2025 жылы осы бағдарлама аясында 290 млн теңгеге 14,3 шақырым электр желісі салынса, 2026 жылы электрмен жабдықтау бойынша 5 жоба жалғасып, 4 жаңа нысанның құрылысы басталды. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 549,5 млн теңге бөлінді.
Төрт айда облыста 46,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспар - 340 мың шаршы метр. Петропавлда 20 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, биыл Бескөл ауылындағы емхананың, футбол манежінің, ауылдық спорт залдарының және "Қазақстан халқына" қорының қаражаты есебінен салынып жатқан 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады.
Барлық мемлекеттік қаражат қатаң түрде мақсатты жұмсалып жатыр: мамыр айындағы жағдай бойынша облыс бюджетінің орындалуы 100%-ға жуықтады. Өңір ең көп қаражатты білім беру саласына, 170 млрд теңге және ауыл шаруашылығына 106 млрд теңге бағыттап отыр. Бұл - әрбір жергілікті отбасының әл-ауқатын тікелей айқындайтын бағыттар.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 19:53 2456
Президент тапсырмаларын орындау: Олжас Бектенов Qyzyljar АЭА-да инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты
Достарға айту
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Qyzyljar арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты, онда Мемлекет басшысы қойған экономиканы әртараптандыру және өндірістерді локализациялау жөніндегі міндеттерге сәйкес тамақ өнеркәсібі, машина жасау және шикізатты терең өңдеу салаларындағы ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірге инвестициялар тарту және АЭА-ның өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 609 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте соңғы екі жылда өңірдің негізгі капиталына инвестициялар көлемі екі есеге жуық өсті. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы шеңберінде СҚО-да 10,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 64 бастама жүзеге асырылуда.
Qyzyljar АЭА - өңірдің өнеркәсіптік өсуінің негізгі орталықтарының бірі. Қазіргі уақытта сегіз субаймақта 21 қатысушы өз жобаларын жүзеге асыруда. Мұнда бюджеттік салымдардың әрбір теңгесіне 8 теңге жеке инвестиция тартылған. "Қызылжар" халықаралық әуежайы базасында мультимодальды логистикалық хаб құру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде.
Үкімет басшысы АЭА аумағында төл өндірісін дамытып жатқан бірқатар компаниялардың қызметімен танысты. Олар - өңірдегі ірі ағаш өңдеу кәсіпорындардың бірі - "Nord Panels" ЖШС, "KazCrane Engineering" ЖШС-нің көтергіш-көлік жабдықтарын өндіру зауыты, "Eco Glade" ЖШС-нің толық циклді саңырауқұлақ фермасы, ЖШС-нің ұзақ мерзім сақтауға болатын "Бейкертон" нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді шығару кәсіпорны.
Nord Panels" ЖШС атқарушы директоры Айваз Бакиров бұрын пайдаланылмай тұрған ғимаратты реконструкциялауға, инфрақұрылым жүргізуге және ламинатталған фанер мен ағаш-жаңқалы тақталар (АЖТ) өндіретін жоғары технологиялық желілерді іске қосуға шамамен 11 млрд теңге инвестиция салынғанын хабарлады. Зауыт іске қосылған 2024 жылдан бері 300 жаңа жұмыс орны ашылды, жобалық қуаты жылына 50 мың м3 дайын фанер өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын республика бойынша импортты алмастырудың 15%-ға дейінгі үлесін қамтамасыз етіп отыр және өнімдерін ЕАЭО және Еуропалық Одақ елдеріне белсенді түрде экспорттауда. Сонымен қатар отын пеллеттері, престелген поддондар мен медициналық таяқшалар шығару бойынша желілерді іске қосу есебінен өндірісті кеңейтеді.
KazCrane Engineering" ЖШС-нің жүк көтергіш-көлік жабдықтарын өндіру жобасы бойынша серіктесі - "Уралкран" ЖШҚ бас директоры Сергей Кравчук кәсіпорында жүк көтергіштігі 500 тоннаға дейінгі көпірлі және кран-эстакадалы крандар шығару жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Өндірістік қуаты жылына 150 бірлік өнімге дейін жетеді. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 90%-ды құрайды, іске қосу 2026 жылғы қыркүйек-қазан айларына жоспарланған.
Бастапқы кезеңде 150 жұмыс орнын құру, кейіннен қызметкерлер санын 300 адамға дейін ұлғайту көзделген. Жобаның құны 4 млрд теңгені құрайды. Аумағы 13,5 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен толық цикл қағидаты бойынша құрылып, металды кесуден бастап дайын өнімді сынауға дейінгі барлық негізгі технологиялық процестерді біріктіреді.
Жоба заманауи цифрлық технологияларды, оның ішінде қашықтан басқару жүйелерін, автоматтандырылған диагностика мен жабдықтарға болжамды техникалық қызмет көрсету жүйелерін енгізуді көздейді. Негізгі өткізу нарығы - Қазақстан, оған өндірілетін өнім көлемінің шамамен 70%-ы тиесілі. Қалған 30%-ын Орталық Азия, Каспий маңы өңірі және ЕАЭО елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Сонымен қатар кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысы жобасын жүзеге асыруға отандық жүк көтергіш-көлік жабдықтарын жеткізу арқылы қатысу мүмкіндігін қарастыруда.
Eco Glade" ЖШС директоры Екатерина Асаенок толық циклді саңырауқұлақ өсіру фабрикасы 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілгенін хабарлады. Бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандыру және агроөнімдерді қайта өңдеу үлесін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 11,3 млрд теңгені құрайды. Жобалық қуаттылық жылына 2,4 мың тонна agaricus түріндегі дайын саңырауқұлақ өнімін және 4 мың тонна компост шығаруға жетеді. Фермада сондай-ақ өңделген өнімдер - консервіленген және мұздатылған жартылай фабрикаттар шығару жоспарлануда.
Өндірістік цикл қатаң технологиялық регламенттерге сәйкес ұйымдастырылған. Өнім компосттан тікелей алынып, күніне үш ретке дейін жиналады. Кәсіпорын онлайн-бақылау жүйесімен жұмыс істейді, бұл мамандарға әр камерадағы процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға, параметрлерді жедел түзетуге және микроклиматтың негізгі көрсеткіштерін қадағалауға мүмкіндік береді. Ферма өнімі елдегі қазіргі тұтыну көлемінің шамамен 25%-ын қамтиды.
Сонымен қатар "Радуга" ЖШС бас директорының орынбасары Даурен Катранов саңырауқұлақ фермасы мен жылыжай кешенін одан әрі кеңейту жобаларын таныстырып, "Радуга" техноэкопаркын жүзеге асыру туралы баяндады. Жоба аясында қағаз және картон өнімдерін шығаратын фабрикалар, қоқыс өңдеу кешені және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген.
Бейкертон" ЖШС бас директоры Марина Баяндинаның айтуынша, нан-тоқаш өнімдерін шығару жобасына инвестициялардың жалпы көлемі 37,3 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру шамамен 380 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 15 мың тонна өнімге жетеді. Бүгінгі таңда нысанның құрылысы толық аяқталып, жетекші еуропалық өндірушілердің заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың шілде айына жоспарланған.
Олжас Бектенов Qyzyljar АЭА-ға бару қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау жаңа өндірістер, инвестициялар және жұмыс орындары түрінде нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру үшін елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызы зор. Жауапты мемлекеттік органдар мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне қолданыстағы және әлеуетті инвестициялық жобаларға қолдау көрсету тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 19:32 4986
Норвегияның Хельсинки комитеті Қазақстанның жаңа Конституциясын оң бағалады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Берит Нисинг Линдеманмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Келіссөз барысында А. Надиркулова адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған конституциялық реформалардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Конституцияда еңбек ету мен бейбіт жиналыстар өткізу құқықтарына қатысты тұжырымдардың нақтыланғаны, сот арқылы қорғалу және тұрғын үйге қолсұғылмау кепілдіктері күшейтілгені, сондай-ақ алғаш рет дербес деректерді қорғау нормалары бекітілгені атап өтілді.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан 2026–2030 жылдарға арналған Қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірлеуде екені туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Б.Линдеман комитеттің Алматыдағы Өңірлік өкілдігінің қызметіне көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін реформалау, азаптаулардың алдын алу, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтарын қорғау салаларындағы елеулі жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенді рөлін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау және Қазақстандағы реформаларды қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастық пен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 17:55 6136
Конституциялық реформа: негізгі заңдарға түсіндірме
Сурет: akorda.kz
Достарға айту
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституцияның ережелерін іске асыруға бағытталған конституциялық заңдарға қол қойды. Агенттік тілшісінің хабарлауынша, бес негізгі құжатқа түсіндірме берілді.
Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы", "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы", "Қазақстан Халық Кеңесі туралы", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" және "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңдар сөз болып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті туралы" заң
Конституциялық заңда Президенттің өкілеттіктері мен оның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі айқындалған.
Төтенше шараларды қабылдау кезінде Премьер-Министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар енгізілуі, сондай-ақ бірқатар тағайындауларды парламенттік келісу тетіктері Қазақстанның теңгерімді президенттік республикаға қарай дәйекті түрде ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.
Нормалардың жеке блогы ашықтық пен сенімді қамтамасыз етуге бағытталған. Президент бір рет қана жеті жыл мерзімге сайланады.
Президент өз лауазымын депутаттық мандатпен, кәсіпкерлікпен, өзге де ақылы қызметпен немесе партия мүшелігімен қатар атқара алмайды. Сонымен қатар оның жақын туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы негізгі лауазымдарды иеленуге құқылы емес. Бұл ықпалдың шоғырлануын шектеуге және мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған жүйелі тетік болып табылады, соның нәтижесінде қоғамның билік институтына деген сенімі артады.
Сонымен бірге Президент өкілеттіктерінің едәуір бөлігі мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол Үкіметті қалыптастыруға қатысады, оның жұмысының стратегиялық бағыттарын бақылайды, Ұлттық Банктен бастап құқық қорғау органдарына дейінгі негізгі институттардың есептерін қарайды. Бұл азаматтар үшін мемлекеттік саясаттың іске асырылуы мен оның нәтижелеріне бақылаудың күшеюін білдіреді.
Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" конституциялық заң
Заңның негізгі бағыттарының бірі - астананың сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптарды қала құрылысы және құрылыс қызметінің міндетті негізі ретінде бекіту.
Заңға сәйкес, астана аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі бас жоспарға, қала құрылысы құжаттамасына және мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл қалалық ортаны дамытуда бірыңғай әрі кешенді тәсілді қамтамасыз етеді.
Негізгі нормалардың бірі - астананың міндетті дизайн-кодын енгізу. Оның талаптары ғимараттарға, жол инфрақұрылымына, жарнамаға және қаланың сыртқы келбетінің элементтеріне қолданылады.
Бұл тәсілдерді іске асыруда Астана қаласының әкімі басқаратын Сәулет-қала құрылысы кеңесі маңызды институционалдық рөл атқарады.
Кеңес құрамына әкімдік өкілдері, сәулетшілер, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін қорғайтын мамандар кіреді. Аталған орган сәулет және қала құрылысы жобаларын қарайды, құрылыс мәселелері мен қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға, оның ішінде монументалды-көркемдік безендіруге қатысты ұсынымдар әзірлейді.
Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" заң
Заң үш негізгі қағидатқа негізделген: заңдылық, тұрақтылық және аумақтық тұтастық.
Әкімшілік-аумақтық жүйенің тұрақтылығы аумақтардың шекаралары мен мәртебесіне қатысты кез келген өзгерістердің тек объективті деректер мен ұзақ мерзімді даму жоспарлары негізінде жүзеге асырылуын көздейтін тетіктер арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл негізсіз аумақтық өзгерістердің алдын алып, жергілікті атқарушы және өкілді органдар жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік береді. Мұның әлеуметтік-экономикалық жоспарлау мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін маңызы зор.
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" конституциялық заңы өңірлердегі тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін негізгі мәселелерді - елді мекендердің мәртебесінен бастап ресурстарды бөлу мен инфрақұрылымды дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Қарапайым тілмен айтқанда, заңның басты мақсаты - елдің аумақтық құрылым жүйесін ретке келтіріп, оны конституциялық деңгейде бекіту. Бұл шекараларды, мәртебелерді немесе аумақтардың бағыныстылығын өзгерту бұдан былай жүйесіз немесе жағдайға қарай емес, нақты негіздемелерге, есептеулерге және ұзақ мерзімді даму жоспарларына сүйене отырып жүргізілетінін білдіреді. Тұрғындар үшін бұл ең алдымен тұрақтылықты, ережелердің айқындығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заң
Құрылтай жұмысы қыркүйектен маусымға дейін тұрақты түрде өткізілетін сессиялар форматында жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда Президенттің, палата төрағасының немесе депутаттар корпусының бастамасымен кезектен тыс сессиялар шақырылады.
Отырыстар Құрылтай қызметінің негізгі нысаны болып табылады. Олар кворум болған жағдайда өткізіледі және, әдетте, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысу мүмкіндігімен ашық сипатта болады.
Құрылтайдағы заң шығару процесі заң жобаларын енгізу, қарау және қабылдау тәртібін, сондай-ақ негізгі мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын реттейді. Заң шығару бастамасы құқығы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі. Сонымен қатар барлық заң жобалары отырысқа шығарылар алдында міндетті түрде бейінді комитеттердің қарауынан өтеді.
Конституциялық заң депутаттың құқықтық мәртебесін Қазақстан халқына берілген антқа негізделген кәсіби қызмет ретінде бекітеді. Өкілеттіктер Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталады және бірқатар қатаң шектеулерді қамтиды. Депутаттарға ғылыми, педагогикалық және шығармашылық қызметтен басқа кәсіпкерлікпен айналысуға немесе өзге де ақылы қызметтерді атқаруға тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзу, сондай-ақ депутат сайланған саяси партиядан шығу оның мандатынан дереу айырылуына әкеледі.
Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң
Халық Кеңесінің негізгі миссиясы - мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру процестеріне қоғамдық қатысуды институционалдандыру.
Бұл тек пікірталас алаңы ғана емес, азаматтық қоғам мүдделерінің шешім қабылдау деңгейінде ұсынылуын қамтамасыз ететін нақты тетік. Осылайша, неғұрлым теңгерімді әрі әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік саясат қалыптасады.
Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік саясатқа және азаматтардың күнделікті өміріне нақты ықпал етуге мүмкіндік беретін айқын әрі жеткілікті кең өкілеттіктерге ие болады.
Халық Кеңесі ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық бірлік пен қазақстандық құндылықтарды дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, ресми түрде енгізуге құқылы. Ең бастысы, ол Құрылтайға заң жобалары мен маңызды ұсыныстарды тікелей енгізуге, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізуді бастамашылық етуге мүмкіндік алады.
Бұдан бөлек, Халық Кеңесі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын талқылауға және мониторингтеуге қатысып, билік, халық және азаматтық қоғам арасындағы тұрақты диалогты ұйымдастырады.
Нәтижесінде тиімді жұмыс істейтін тетік қалыптасады: қоғам нақты мәселелерді көтереді, Кеңес оларды жан-жақты зерделейді және ұсынымдар мен бағалаулардан бастап заң жобасы немесе жалпыхалықтық референдум деңгейіне дейін жеткізеді.
Осылайша, Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы нақты көпірге айналып, азаматтарға олардың күнделікті өміріне әсер ететін шешімдерге тікелей ықпал ету құралын береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 17:48 2726
Олжас Бектенов СҚО-да су тасқынына қарсы іс-шаралардың жүзеге асырылуын және облыстық аурухананың құрылысын тексерді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдар құрылысының барысымен танысты. Олар - Прибрежное ауылындағы жол өткелі және елді мекендер бойындағы қорғаныс бөгеттері, сондай-ақ Петропавлдағы көпсалалы облыстық аурухана, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қорғаныс бөгеттерін қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Соңғы екі жылда өңірде алты негізгі гидротехникалық құрылысты қайта жаңарту бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені жүзеге асырылған. Қазіргі заманғы инженерлік параметрлерге толық сәйкес келетін 24 шақырымнан астам қорғаныс желілері салынып, қайта жаңартылған. Осы мақсаттарға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 14 млрд теңгені құрады. Бұл халықтың қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға, Петропавл мен Қызылжар ауданындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін қорғауға мүмкіндік берді.
Мәселен, Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылындағы ұзындығы 5 шақырымнан асатын, Тепличноедағы 4,6 шақырым, Бескөлдегі 5,9 шақырым қорғаныс бөгеттері қайта жаңартылды. Бұл құрылыстардың орташа биіктігі іргесінен санағанда 7,2-7,5 метрге дейін көтерілді, бұл Балтық жүйесі бойынша 102 метрлік есептік деңгейге сәйкес келеді. Петропавл қаласында осындай нығайту жұмыстары Подгора шағын ауданы Ущева көшесіндегі ұзындығы 1,3 шақырым және Хромзавод ауданындағы Кожевенный кентіндегі ұзындығы 4,1 шақырым болатын бөгеттерде жүргізілді. Негізгі назар облыс орталығындағы 1953 жылы салынған "Биопруд" нысанына аударылды. Мұнда 2024-2025 жылдары жүргізілген жұмыстар есебінен ұзындығы 3,4 шақырымдық қоршау бөгеті 5 метр биіктікке көтерілді, ал бетон қоршаулар күрделі жөндеуден өткізілді, бұл тасқын судан төнетін қауіпті төмендетіп отыр.
Қазіргі уақытта нысандарда ішкі беткейлерді көпжылдық шөптер егілген гео-торшамен абаттандыру және бөгет жоталарының қиыршық тас жабынын төсеу бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Солтүстік Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев Премьер-министрге Прибрежное ауылындағы жол өткелі орнатылған "Вороний островқа кіреберіс" облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Жобада үйінді көтеріп, оны нормативтік техникалық параметрлерге келтіре отырып, автомобиль жолын реконструкциялау, сондай-ақ ұзындығы 72 метр болатын ең үш аралықты жол өтпесінің құрылысы көзделген, жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрайды.
Жаңа көлік инфрақұрылымы шамамен 1,5 мың адам тұратын Прибрежное ауылының қорғаныс бөгетімен біріктірілетін болады. Бұл елді мекенмен жыл бойы үздіксіз қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вороний островта туристік нысандар ғана емес, сонымен қатар Петропавл қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бірінші көтеру сорғы стансасы да орналасқан. Бұрын су тасқыны кезеңінде ауылға баратын жол толықтай су астында қалып, адамдарды тасымалдау және эвакуациялау тек су көлігімен жүзеге асырылатын, бұл қолайсыз ауа райы жағдайында азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді.
Бүгінгі таңда нысанда іргетасты қиыршық таспен орнықтыру, 40 бұрғылау арқылы 40 қаданы орнату, төрт ростверк салу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ шеткі тіректер тұрғызылды. Қазіргі уақытта №2 тіректің ригелін орнату және жер төсемін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл бұл жобаны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Жол өткелінің құрылысын аяқтап, оны пайдалануға беру 2027 жылдың қазан айына жоспарланып отыр.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов гидротехникалық құрылыстарды нығайту бойынша барлық жұмыстарды уақтылы аяқтау қажеттігін, сондай-ақ оларды әрі қарай күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдау керектігін атап өтті. Сондай-ақ Премьер-министр өңір басшылығының назарын Прибрежное тұрғындары үшін осы көлік нысанының әлеуметтік маңыздылығына аударып, жобаны жүзеге асыру мерзімдерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-министр Петропавл қаласында көпсалалы облыстық ауруханасының құрылыс барысымен танысты. YDA Holding директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан медициналық кешеннің жалпы аумағы 92 мың шаршы метрден асатынын мәлімдеді. Заманауи медициналық кешен құрамына бір ауысымда 480 қабылдауға арналған консультациялық-диагностикалық корпус, тәулік бойы және күндізгі стационарлар, босану бөлімі, сәулелік диагностика, радиология бөлімшелері, клиникалық-диагностикалық зертхана және басқа да мамандандырылған бөлімшелер кіреді. Мұнда кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, тамыр хирургиясы, травматология және басқа да бағыттар бойынша жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілетін болады. Қазіргі уақытта темірбетон конструкцияларын тұрғызу жұмыстары аяқталды, қабырғалардың кірпіш қалау жұмыстары, қасбет профильдерін монтаждау және ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Қаржыландыруға қатысты қажетті мәселелер реттеліп, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 16:44 2951
Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және АӨК-ті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин баяндама жасады. Сонымен қатар жиында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері және аграршылар атынан "Зенченко и К" шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко сөз сөйледі, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ауыл шаруашылығы - ел экономикасының басым бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егіс науқанының аяқталғаны туралы баяндады. Биыл 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Президент тапсырмасы бойынша жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқаптарын ұлғайта отырып, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға егілді. Шегірткеге қарсы күрес аясында биыл 2,2 млн гектар жер өңделеді. Бүгінде шамамен 665 мың гектарда зиянкестерге қарсы іс-шаралар аяқталды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қабылданды: шаруалар 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, 2,3 млн тонна көлемінде тұқымға қажеттілік толық жабылды, 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған.
Төрт айда ет өндірісі 338 мың тоннаны құрады (+3,4%). Сиыр етін өндіру көлемі 112,9 мың тоннаны (+6,1%), қой еті 34,7 мың тоннаны (+8,1%), жылқы еті 41,2 мың тоннаны (+3,8%) құрады.
Мал шаруашылығын дамытудың тиімділігі ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Осыған байланысты Үкімет ветеринариялық қызметті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруда.
Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар 9,1 млрд теңге сомасына шамамен 600 ветеринариялық нысан салды. Мемлекеттік ветеринариялық зертханаларды қосымша жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Республикалық бюджеттен берілетін жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде инфрақұрылымды дамытуға 66,2 млрд теңге бөлінді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі елеулі жетістікке әкелді - Қазақстан ресми түрде аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді", - деп баяндады Айдарбек Сапаров.
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесі 51%-дан асты, бұл саланың қосылған құны жоғары өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда АӨК-тегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Соңғы 2 жылда қазіргі заманғы мал шаруашылығы кешендерінен бастап терең өңдеу кәсіпорындарына дейін 540 жаңа өндіріс пайдалануға берілді. Оның ішінде 89 мал шаруашылығы кешені, 70 тауарлы-сүт фермасы, 35 астық қоймасы, 35 көкөніс қоймасы, 16 құс фабрикасы, 11 жылыжай салынды, өсімдік майларын өндіру және терең өңдеу бойынша 12 жоба жүзеге асырылды. 2026 жылы техника паркін жаңарту қарқыны 8%-ға жетпек, бұл ретте парктің тозуы 65%-ға дейін төмендейді.
Премьер-министр ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын мал шаруашылығын дамытуға белсенді тарту қажеттігін атап өтті.
Кеңес жұмысына бизнес пен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысып отырғанын пайдаланып, мына мәселеге тағы да назар аударғым келеді: ірі шаруашылықтар жыл бойғы жұмыспен қамтуды тұрақты жолға қоюы тиіс. Бұл - сіздерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Мемлекет қажетті қолдауды көрсетуде, бірақ ірі бизнес тарапынан да бірінші кезекте жыл бойғы жұмыспен қамту жөнінде қарсы міндеттемелер күтеді. Ашығын айтайын, егер осы бағытта тиісті шаралар қабылданбаса, біз сіздермен бірге бұдан әрі жұмыс істей алмаймыз, мұндай меншік иелерінен жер телімдерін кері қайтарып ала бастаймыз", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Суды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы жекелеген шаруашылықтардың егіс құрылымын сақтамауы, әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстарында су тұтынудың өсуіне әкелді. Осыған байланысты Премьер-министр су ресурстары және ирригация министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп мәселені бақылауда ұстауды, ылғал көп қажет ететін дақылдар бойынша бекітілген егіс құрылымының сақталуын қамтамасыз етуді және фермерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өңірлерде су ресурстарын ескере отырып, егіс құрылымын оңтайландыру жүргізілуде. Суды пайдаланудың белгіленген лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20,6 мың гектарға қысқарып, 79,9 мың гектарды құрады. Мақта шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуге баса назар аударылуда: тамшылатып суаруға арналған мақта алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайтылып, 79,8 мың гектарға жетті, ал дәстүрлі суаруға арналған алаңдар 12 мың гектарға қысқарды.
Вегетациялық кезеңдегі ауа райы болжамы туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндады. "Қазгидрометтің" мәліметі бойынша, осы кезеңде ауа температурасы жоғары болады және жауын-шашын әр жерде әр түрлі жауады. Жалпы алғанда вегетациялық маусымның басталуы қолайлы деп бағаланып отыр. Сонымен қатар, шілде-қыркүйек айларында еліміздің жекелеген өңірлерінде ылғал тапшы болуы мүмкін қаупі бар. Қыркүйек айында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз, ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Абай облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шалғай солтүстігінде нормаға жақын деп болжанып отыр.
Бұл ретте вегетациялық маусымға жасалған алдын ала болжам уақыт өте нақтыланып, ай сайынғы мәліметтермен толықтырылып, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен халыққа жеткізілетін болатыны атап өтілді.
Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин шаруаларды қаржылай қолдау шаралары туралы баяндады. Биыл АӨК-ті дамытуға 1,2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның 750 млрд теңгесін егін егу және жинау жұмыстарына бағыттау жоспарлануда. Бүгінгі таңда фермерлер 573 млрд теңге қарыз алған, бұл шамамен 6,8 млн га егіс алқабын өңдеуге мүмкіндік берді. Оған қосымша "Даму" қоры 232 млрд теңгеге 1,7 мың кепілдік берді, соның арқасында аграршылар 273 млрд теңгеге несие ала алды.
Зенченко и К" шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко фермерлік қоғамдастық мемлекеттің шаруаларды қолдау бойынша жүргізіп жатқан жұмысын оң бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы шешімдер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында қолдау тауып, жаңа инвестициялық жобаларға, заманауи өндірістерге және ауылдағы жұмыс орындарына айналуда.
Шаруалар қоғамдастығы атынан Мемлекет басшысына бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көңіл бөлініп жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Жасалып отырған қолдау тетіктері бизнеске ұзақ мерзімді жобаларға сенімді инвестиция салуға, заманауи технологияларды енгізуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда фермерлерге одан әрі даму үшін барлық қажетті жағдайлар мен құралдар бар. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау бизнестің берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудағы жоғары жауапкершілігін де көздейді", - деді Геннадий Зенченко.
Шаруа қожалығының директоры сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу, АӨК-ті цифрландыру, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы білімінің сапасын арттыру, ауыл үшін кадрлар даярлау және қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелерін көтерді.
Жиын қорытындысында Премьер-министр Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және АӨК-ті жоғары технологиялық экспорттық салаға айналдыру жөніндегі алға қойған міндетін жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
Өсімдік шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр, ал біздің міндетіміз - осы қарқынды сақтап, одан әрі арттыра түсу. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және Экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әсіресе қуаңшылық қаупі бар аймақтарда егістіктерді сумен қамтамасыз ету жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және өнімді сақтап қалу үшін жедел шаралар қабылдау керек. Барлық агротехнологиялық талаптар белгіленген ғылыми нормаларға қатаң сәйкес орындалуы тиіс. Минералды тыңайтқыштарды уақтылы енгізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімдіктерді қорғау шараларын жүргізуге ерекше назар аудару керек", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі ретінде мал шаруашылығы саласының зор әлеуеті бар екені атап өтілді. Оның жүйелі дамуы үшін биыл 5 жылға арналған, бүкіл өндірістік тізбек бойынша жеңілдетілген қаржыландыруды көздейтін Кешенді жоспар бекітілді. Мал шаруашылығының барлық кіші салалары мен санаттарына 220 млрд теңге бағытталатын болады. Ірі қара және ұсақ малдың асыл тұқымды басын сатып алуға арналған "Игілік" және "Береке" жаңа кредиттік өнімдері іске қосылды, олардың бекітілген мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Мал айдау шаруашылығын ынталандыру мақсатында жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған "Жайлау" бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылуда. Айналым қаражатын толықтыруға арналған 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы қолжетімді. Осы бағытта әкімдіктерге жұмысты күшейтіп, жер ресурстары айтарлықтай ірі шаруашылықтардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану тапсырылды.
Осы жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының ветеринариялық инфрақұрылым деңгейін одан әрі арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ветеринариялық іс-шараларды уақтылы және тиімді жүргізуді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Министр атап өткендей, Қазақстан аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Біз алдағы уақытта да осындай мәртебеге сай болуымыз керек. Сонымен қатар мал шаруашылығының тұрақты дамуы ветеринариялық қауіпсіздік деңгейіне тікелей байланысты. Аурулардың алдын алу мен бақылаудың тиімді жүйесі болмаса, мал басының өсуін, өнімділікті арттыру және өнім сапасын жақсарту мүмкін емес. Осыған байланысты ішкі нарықтағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету өте маңызды", - деп атап өтті Премьер-министр.
Әкімдіктерге базарларда ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды күшейтуді, оның ішінде ветеринариялық-санитариялық талаптардың қадағалануын және сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өңірлерде ветеринариялық инфрақұрылымды салу және жаңғырту бойынша міндеттер қойылды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат тиімділік пен аграршылардың адалдық қағидаттарына негізделіп қалыптастырылады. Сонымен қатар әкімдіктер бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында аграрлық өндірістің барлық кезеңіне - егістіктен бастап сауда сөресіне дейін цифрлық құралдарды енгізу талап етіледі. Сондай-ақ ауыл-аймақта жайлы өмір сүруге жағдайлар жасау маңызды. Зенченко, Ералиев, Сауэр, Құрманқұлов шаруашылықтарының ауылдары секілді мысалдар елімізде аз емес, алайда олардың саны арта түсуі тиіс. Мемлекет олардың дамуын жан-жақты қолдап, ынталандыратын болады", - деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар ағымдағы бірқатар өзекті мәселені шешу бойынша тапсырмалар берілді:
ауыл шаруашылығының қосымша бағыттарын дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Бәйтерек" ҰБХ жылыжайлар, бау-бақша және балық шаруашылықтарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іске қосу жөнінде (жеке инвестициялар мен МЖӘ тетіктерін ескере отырып) қысқа мерзімде ұсыныстар енгізу;
жеңілдетілген қаржыландыру алу кезінде мал өсірушілердің қажетті кепілінің болмауы мәселесін шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қаржы министрлігіне және "Бәйтерек" ҰБХ қарыздарға кепілдік беру тетігін жедел түрде енгізу тапсырылды;
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық аграршыларды отандық минералды тыңайтқыштармен толық көлемде және тұрақты бағамен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;
шегірткелердің таралуына жол бермеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп 2,2 млн гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау, зиянкестер ошақтарын оқшаулау;
Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Дала мен орман өрттерінің қаупі күшейіп отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп азаматтық қорғау қызметтері мен күштерінің жоғары әзірлігін қамтамасыз етуі қажет. Өрт сөндіру техникасының, байланыс жүйелерінің және жанар-жағармай қорының дайындық деңгейін тексеру керек. Сондай-ақ алдын алу шаралары аясында орман және дала алқаптарын, әсіресе елді мекендер мен егістік жерлерге жақын аумақтарды қураған шөптер мен өсімдік қалдықтарынан тазарту жұмыстарын жүргізу қажет", - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Аталған барлық тапсырмалардың сапалы орындалуын бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігіне және облыс әкімдіктеріне жүктелді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 14:42 3171
Олжас Бектенов Президенттің СҚО ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеріп, шаруалармен кездесті
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және отандық өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Атап айтқанда, "Атамекен-Агро-Корнеевка" ЖШС цифрлық тауарлы сүт фермасы, "Қызылжар Жем" ЖШС шаруашылығы және "Eurasian milk" ЖШС сүт өңдеу зауытына барды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы шаруашылықтар арасында сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында тұр және еліміздегі сүт өңдеу көлемінің шамамен 1/6 бөлігін қамтамасыз етеді.
Есіл ауданы Корнеевка ауылында Олжас Бектенов "Атамекен-Агро-Корнеевка" ЖШС заманауи цифрлық тауарлы сүт фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Александр Фадеевтің айтуынша, фермада 2,5 мың сүтті ірі қара мал, оның ішінде 1,3 мыңнан астам сиыр бар. Голштин-фриз тұқымды мал Мажарстан, Германия, Дания және Нидерландтан әкелінген. Қазақстанның қысына бейімделген Германиядан әкелінген алғашқы 300 бас мал биыл күзде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізіледі.
Олжас Бектенов Westfalia компаниясының 40 басқа арналған автоматтандырылған сауу залын, сондай-ақ табын мен өндіріс процестерін басқарудың цифрлық жүйелерін көрді. Фермада сауылған сүт көлемінің автоматтандырылған есебін жүргізуге, жабдық жұмысын қадағалауға, жануарлардың жағдайын, олардың белсенділігі мен өнімділігін бақылауға мүмкіндік беретін DairyPlan және CowScout шешімдері қолданылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі шамамен 3 мың тоннаны құрады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы баяндады. Өңірде 118 тауарлы сүт фермасы, 9 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның ішінде қуаттылығы жылына 600 млн жұмыртқадан асатын 6 жұмыртқа бағыты бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6% өсіммен 208 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 82 мың тоннаға, сүт 382 мың тоннаға, жұмыртқа 631 млн данаға жетті.
Премьер-министр Мемлекет басшысы шаруаларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Тауарлы сүт фермаларын дамыту Президенттің АӨК-дегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі нақты міндетіне сәйкес келеді. Мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, қайта өңдеу үшін шикізат базасын кеңейтеді әрі ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамту ісін қалыптастырады.
Олжас Бектенов облыс басшылығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бері ветеринария саласы кейінгі 14 жылда алғаш рет жүйелі дамуға қажетті қаржы алды. Соңғы екі жылда республика бойынша жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 600-ге жуық ветеринарлық нысан салынды.
Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай қолайлы болып отыр. Соңғы үш жылда біздің өңірде бруцеллез 12 есе азайды, қолайсыз пункттер 7 пунктке төмендеді деген ұйғарым алдық. Аурудың күрт өршу ошағы қысқарды. Бұл үшін барлық жағдайлар жасалған, биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса салуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Ветеринариялық пункттердің құрылысы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ветеринариялық саулықты сақтауға елеулі қолдау болмақ, оларда ветеринариялық манипуляциялардың барлық спектрі жүргізіледі", - деп баяндады Марат Тасмағанбетов.
Анықтама: Елімізде жылына барлығы шамамен 1 млн тонна сүт өндіретін 373 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау үшін жылына шамамен 600 мың тонна сүт өндіретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасын салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 71 ферма пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 19 ферманың құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Өңірді дамытуға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу және Digital Aimaq жобасын жүзеге асыру туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев баяндады. Бүгінгі таңда СҚО-да ауыл тұрғындарына заманауи технологиялар мен цифрландыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретін 10 аудандық және 3 ауылдық креативті IT-орталықтары жұмыс істейді. Жыл соңына дейін өңірдегі ауылдарда осындай тағы 11 орталықты іске қосу жоспарлануда.
SKO Hub және Qyzyljar Creative Center алаңында 3 мыңнан астам адам цифрлық дағдыларға оқытудан өтті, 400-ден астам іс-шара өткізілді, 30 стартап құрылды, инвестициялар тартылуда. Аталған жұмысты осығын ұқсас қытайлық Digital village жобасы аясында кеңейту мәселесі пысықталуда.
Руслан Әлішев сондай-ақ Digital Qyzyljar IT-паркін құру жоспары туралы баяндады. Бұл өңірлік IT-компаниялардың өсуі үшін жағдай жасауға, Digital Aimaq өңірлік жобасын үйлестірудің бірыңғай орталығын қалыптастыруға және облыс экономикасының негізгі салаларының цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қызылжар Жем" ЖШС қожалығының аумағында Премьер-министр егін егу жұмыстарының қорытындысымен танысып, дәнді дақылдардың ультраерте сұрпының алқабын тексерді. Кәсіпорын аралас ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған.
Кәсіпорын директоры Данияр Анафин тәжірибе алаңында Secobra Recherches S.A. компаниясының француздық сұрыптаудан шыққан Calixo сұрпының жұмсақ жаздық бидайын себу жоспарланып отырғанын айтты. Сұрып ерте пісетін дақыл түріне жатады, вегетациялық кезеңі 85 күн және өнімділігі жоғары. Calixo бұған дейін топырақ-климаттық жағдайлары Солтүстік Қазақстан облысына жақын Батыс Сібір өңірлерінде жоғары тиімділігін дәлелдеген. Қолайлы жылдары аталған сұрыптың өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жеткені атап өтілді. Экономикалық тиімділігі бойынша бұл сұрып жоғары табысты бірқатар дақылмен бәсекелесе алады, бұл оны Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өндірісіне одан әрі енгізу үшін перспективалы етеді. Ерте пісетін бидайды өсіру жұмыстарын "Солтүстік-Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы сүйемелдейді.
Сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті. Олжас Бектенов шаруаларды егін егу науқанының аяқталуымен құттықтады. Қазақстан бидайды ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді және әлемдік ұн нарығында көшбасшылық позициясын сақтап отыр.
Президенттің тапсырмасы бойынша үшінші жыл қатарынан аграрлық секторға ауқымды қолдау көрсетілуде. Биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Нәтижесін көріп отырмыз: соңғы екі жылда жақсы өнім алынды. Бүгінде біздің астық әлемнің 70 еліне экспортталады. Қазақстан әлемдегі астық жеткізуші он елдің қатарына кіріп отыр. Бұл - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуінің және фермерлердің күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз жұмысты одан әрі жалғастырамыз", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
"Кең дала-2" бағдарламасы бізге қолдау көрсетті. Бүгінде біз қаржыландыруды жоспарлауға мүмкіндік алдық, қаражаттың уақтылы түсуіне сенімділік бар - бұл өте жақсы мүмкіндік. Тыңайтқыштың уақытында келетінін немесе келмейтінін білмейтін уақыттар болды. Бүгінде біз тыңайтқыштарды тұрақты түрде алып отырмыз. Соңғы жылдары дизель отынына қатысты мәселелер шешілді, біз іс жүзінде ешқандай қиындық көріп отырған жоқпыз. Бұл үшін Президентке шынайы алғысымызды білдіреміз. Біздің міндетіміз - жақсы өнім алып, өңіріміздің дамуын қамтамасыз ету және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру. Сонымен қатар біздің механизаторлардың жалақысы қаладағы еңбекақы деңгейінен кем емес", - деді "СК Вагулинское" ЖШС директоры Виктор Редин.
Ақселеу" ЖШС директоры Серік Малаев егіс жұмыстарының жүргізілуінде мемлекеттік қолдау шараларының маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Шаруалар 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелерді, арзандатылған минералды тыңайтқыштарға қолжетімділікті және қажетті көлемдегі жанар-жағармай материалдарын уақтылы алды. Бұл барлық агротехнологиялық шараларды оңтайлы мерзімде және талаптарға сай жүргізуге мүмкіндік берді.Өндірістік үдерістерді цифрландырудың маңызына бөлек назар аударылды.
Сала алдында әр гектардың кіріс көлемін заманауи технологиялар арқылы және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру есебінен арттыру міндеті тұр. Премьер-министр АӨК-де қолданылып жатқан цифрлық шешімдермен, соның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарымен, метеостансалармен және анализаторлармен танысты. Оларды пайдалану егістіктің жағдайын дәлірек бағалауға, агротехникалық жұмыстарды жоспарлауға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы өңірде егіс алқаптарын әртараптандырудың жоғары деңгейіне қол жеткізілді: елдегі майлы дақылдардың шамамен төрттен бірі дәл Солтүстік Қазақстан облысында өсіріледі.
Сондай-ақ Премьер-министрге түйіршіктелген жоңышқа зауытын салу бастамасы да таныстырылды. Жоба жемшөп базасын дамытуға және мал шаруашылығын тағамдық құндылығы жоғары сапалы жеммен қамтамасыз етуге бағытталған. "Эталон Агро" компаниялар тобының бас директоры Медет Төлегенов жобаны табысты жүзеге асырудың маңызды шарты суармалы егіншілікті дамыту болып саналатынын атап өтті, ол бір маусымда екі-үшке дейін жоңышқа шабуға, шикізаттың тұрақты сапасын және өндірістік қуаттардың біркелкі жүктелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыттың жыл бойы жұмыс істеуі үшін қосымша бағыт - түйіршіктелген зығыр және бидай сабанынан биоотын шығару пысықталуда.
Петропавл қаласында Премьер-министр "Eurasian Milk" ЖШС сүт өңдеу зауытында өндірістің технологиялық процесімен және шығарылатын дайын өнім түрлерімен танысты. Директор Андрей Гриценко кәсіпорын швейцариялық технологиялар негізінде жұмыс істейтінін, терең өңделген өнім өндіруге, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталғанын баяндады. Зауыт өңірдегі фермерлік шаруашылықтар жеткізетін қазақстандық шикізатты пайдаланады. Мұнда жыл сайын 7 мың тоннадан астам қатты және жұмсақ ірімшік, 12 мың тоннадан астам сары май, шамамен 12 мың тонна қоюлатылған сүт, сондай-ақ 20 мың тоннадан астам сарысу концентраты мен қышқыл сүт өнімдері өндіріледі. 2026 жылдың соңына дейін жылдық қуаты 6 мың тоннадан асатын жаңа өнім - крем-чиз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы кәсіпорында 24 түрлі өнім шығарылады. Өнімдер ішкі нарықпен қатар Ресейге, Әзербайжанға және Қырғызстанға экспортталады. Қазіргі уақытта өндіріс жобалық қуатының 50%-ы көлемінде жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, кәсіпорынның толық қуатқа шығуын жеделдету үшін қажетті барлық қолдау шараларын көрсетуді тапсырды.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, өңдеу, жемшөп өндірісін және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды дамыту үшін фермерлерді қолдауды жалғастыруды, жаңа тауарлы сүт фермаларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ отандық өнімнің нарықтағы ілгерілеуіне жәрдемдесуді тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2026, 13:35 3751
Президенттің Астанадағы халықаралық форумда сөйлеген сөзінің толық мәтіні
Сурет: Akorda
Достарға айту
Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Құрметті форумға қатысушылар!
Ең алдымен, баршаңызды алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын! Қадірлі меймандарға осы форумға арнайы келгендері үшін алғыс айтамын. Сіздерді Астана төрінде көргеніме ризамын.
Жаңа ғана форум тақырыбы бойынша өзекті ойлар мен құнды пікірлер айтылды. Алдағы уақытта Үкімет бұл жұмысты міндетті түрде назарда ұстайды. Шын мәнінде, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша.
Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту - Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл - мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл - көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін.
Біз "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл - мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті.
Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл - әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды. Қазақстанның Бас құжаты - барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі - еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық.
Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды. Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі.
Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді.
Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген "е-Өтініш" онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты. Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі - соның айқын көрінісі.
Сондай-ақ еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталды. Ашығын айтуымыз керек, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді.
Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл - мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз "судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды" деген қасаң пікірден арыла бастады.
Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті.
Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді.
Кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек.
Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор. Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі.
Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыды. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген.
Осының бәрі "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі екені күмәнсіз. Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша.
Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр.
Мен отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде үнемі мына мәселеге айрықша назар аударамын: билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек, олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет.
Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс. Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын.
Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті.
Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас Прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр.
Бірақ босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және "қарқынды дамитын қалаларға" арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды.
Баршаңызға мәлім, мен жақында "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта "ақылды қалаға" тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді.
Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз - Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын.
Біз Заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз.
Бірінші шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады. Мен бүгін бес конституциялық заңға қол қойдым. Бұл - жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі "Күшті Президент - ықпалды Құрылтай - есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек.
Сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосуда әкімшілік әділет институтын нығайтуға қатысты маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін.
Сондай-ақ мен бүгін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және еліміздің заңнамасын жетілдіруге елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік награда беру туралы шешім қабылдадым. Баршаңызға құтты болсын деймін.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
05.06.2026, 10:50ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан - Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды 05.06.2026, 11:10 25581Астана мен Браззавиль сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындады05.06.2026, 16:15 15761Қазақстанда санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт салынуда05.06.2026, 17:11 13296Токио губернаторы Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде болып қайтты05.06.2026, 17:52 12161Кишиневте Молдова-Қазақстан іскерлік кеңесінің кеңсесі ашылды: экономикалық серіктестікке жаңа серпін
01.06.2026, 19:13 88061Қазақстан мен Жапония құқық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда01.06.2026, 18:51 88051БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының басшысы Өңірлік экологиялық саммитін жоғары бағалады01.06.2026, 19:07 87801Қазақстан мен Камбоджа дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды01.06.2026, 20:26 86506Зайсанда қазақ-әзербайжан достығының оқу кабинеті ашылды01.06.2026, 20:52 86141Қазақстандық кәсіпкерлер Нью-Йоркпен ынтымақтастықты кеңейтуде
13.05.2026, 07:10 289301Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының Атқарушы директорын қабылдады15.05.2026, 21:02 276996Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды22.05.2026, 20:31 250466Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды15.05.2026, 20:45 243436Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді15.05.2026, 19:53 242806Түркістан қаласында ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы өтті

