16.05.2024, 17:49 52916

Алматыдағы тексеру комиссиясының қызметкерлеріне миллиондаған сыйлықақылар негізсіз төленген

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметінде бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Тиісті тексерудің қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасының баспасөз қызметінен.

Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының негізгі міндеті - қалалық бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Тексеру комиссиясына қатысты Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлық іс-шарасы 2022 жылғы 1 қаңтар - 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңді қамтыды.

Алматы қаласында қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту бойынша құзыреті шегінде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Тексеру комиссиясы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, бюджет және еңбек заңнамасын жеткілікті дәрежеде сақтамағаны анықталды.

Сонымен қатар нақты орындалмаған қызметтерге бюджет қаражатын бөлу жағдайлары анықталды. Мысалы, 2022-2023 жылдары аудиторлық ұйымдарды тартудың нақты қажеттілігінің болмауына байланысты 150,4 млн теңге көлеміндегі шығыстар басқа бағыттарға, оның ішінде негізгі бөлігі сыйлықақы төлеуге бағытталған.

Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы сыйлықақылар мен бонустарды төлеу мәселелерінде заңнама талаптарын толық сақтамаған. Бұл бюджет қаражатын пайдаланудағы әділеттілік пен ашықтық қағидаттарын бұзады.

Мәселен, 2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне "лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін" 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйлықақы төленген. Атап айтқанда, жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға сыйлықақы берудің бес жағдайы орын алған. Бұл жағдайлар іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға тиісті соманы төлемеу және жекелеген мемлекеттік қызметшілерге тиесілі бонустарды төлемеу аясында болып отыр.

Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары жұмыс нәтижелерін бағалау жүргізілмеген және жоғары еңбек тиімділігі расталмаған инспекторларға сыйақылар төленген: 2022 жылы - 4,5 млн теңге, 2023 жылы - 17,2 млн теңге.

Сонымен қатар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын, Сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларын және ішкі регламенттеуші құжаттарды бұзу және сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, аудиторлық дәлелдемелер тиісті түрде ресімделмеген.

Сонымен бірге Тексеру комиссиясы тексеру қорытындылары бойынша берілген нұсқамаларды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін лауазымды адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту жөнінде тиісті дәрежеде шаралар қабылдамаған.

Жоғары аудиторлық палатада анықталған бұзушылықтарды жою және Тексеру комиссиясы жұмысының тиімділігін арттыру үшін қатаң бақылау шараларын енгізу, бюджет қаражатын жоспарлау және жұмсау процестерін қайта қарау, сондай-ақ бюджет тәртібін бұзғаны үшін заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыра отырып, оның ішінде материалдарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдай отырып жауапкершілікті күшейту қажет екендігі атап өтілді.

ЖАП отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті лауазымды адамдардың жауапкершілігі қаралатын болады.

Дереккөз - Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны