20.10.2021, 18:04 61157

Ерғалиев Мәжілісте Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды

"Кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджеттен ынтымақты зейнетақылар мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін төлеуге бағыттау ұсынылады".
НҰР-СҰЛТАН. 20 ҚАЗАН - Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР Парламенті Мәжілісінде "Қазақстан Республикасы 2022-2024 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферттер туралы заң жобасы шеңберінде Ә. Ерғалиев әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға 2022 жылы 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге және 2024 жылы 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт бағыттауды ұсынды.

Кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджеттен ынтымақты зейнетақылар мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін төлеуге бағыттау ұсынылады", - деді Ерғалиев.

 
Сонымен қатар, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 млрд теңге, ал 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін нысаналы трансферт тарту ұсынылды. 
 
Сондай-ақ, Ерғалиев Мәжілісте 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Министрдің айтуынша, болжамның қалыптасуына сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен.
 

Республикалық бюджет жобасы мұнайдың барреліне 60 долларға қалыптастырылған. Мұнай өндіру 2022 жылғы 87,9 млн тоннадан 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін артады. ЖІӨ нақты өсуі 2022 жылы 3,9% деңгейінде болжануда. 2026 жылы ол 5,2%-ке жетеді. Номиналды ЖІӨ 2022 жылы 87,1 трлн теңгені, ал 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мәжілістің жалпы отырысында.

 
2022 жылы тауар экспорты 60,1 млрд доллар көлемінде болжануда және 2026 жылға қарай 79,8 млрд долларға дейін ұлғаяды. Тауар импорты 2022 жылы 40,8 млрд доллардан 2026 жылы 43,4 млрд долларға дейін өседі.
 

2022 жылы жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6%, 2023-2024 жылдары 4-5%, 2025-2026 жылдары 3-4% аралығында сақталды", - дейді Ерғалиев.

 
Осылайша, болжам бойынша, кірістер трансферттерді есептемегенде 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы 9,7 трлн теңгені және 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды.
 
2022 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3,3% деңгейінде болжануда, кейіннен 2024 жылы ЖІӨ-нің 2,5%-іне дейін төмендейді. 
 
2022 жылы мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 8,1% деңгейінде болжанып, 2024 жылы ЖІӨ-ге қатысты 6,3%-ға дейін төмендейді.
 
Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге сомасында, 2023 жылы 15,6 трлн теңгеге және 2024 жылы 16 трлн теңгеге болжануда.
 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" және "Қазақстан Республикасы 2022-2024 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобаларын мақұлдады. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны