20.06.2026, 15:07 12706

Бектенов жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына қарсы бақылауды күшейтуді тапсырды

Бектенов жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына қарсы бақылауды күшейтуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдары басшылығының қатысуымен сыртқы факторлардың ықпалын ескере отырып, мұнай өнімдері нарығындағы қазіргі жағдайы бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасыз қызметінен.

Кеңесте жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына қарсы күрес мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен және жеңіл дистилляттарды теміржол арқылы экспорттауға тыйым салынған. Сонымен қатар автокөліктер үшін мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуге шектеу енгізілген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы бір айдың ішінде құқық қорғау органдары шамамен 12 тонна жанар-жағармай материалдарының заңсыз шығарылуының жолын кескен. Сондай-ақ жанармай бактары қайта жабдықталған 54 автокөлік анықталып, олардың иелері жауапкершілікке тартылған.

Премьер-министр ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығы стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтуді және жанармай тапшылығына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі және Қаржылық мониторинг агенттігі мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтап, олардың жолын кесуі тиіс.

Ал Энергетика министрлігіне жанармай өндірісі, қоры мен тұтынуын тұрақты бақылауды жалғастырып, қажет болған жағдайда қосымша шаралар ұсыну тапсырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны