21.12.2021, 19:05 62311

Қазақстан мен Қытай 2022 жылдың қаңтарына дейін теміржол тасымалдарындағы электрондық құжат айналымына көшуді жоспарлап отыр

Осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыс аясында тасымалдау және тауарға ілеспе құжаттар бөлігінде тиісті қадамдар қарастырылды.
Қазақстан мен Қытай 2022 жылдың қаңтарына дейін теміржол тасымалдарындағы электрондық құжат айналымына көшуді жоспарлап отыр
НҰР-СҰЛТАН. 21 ЖЕЛТОҚСАН - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин теміржол тасымалдарын ресімдеудің барлық кезеңдерінде қағаз құжат айналымын алып тастауға қатысты депутаттық сауалға жауап берді.
 
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен оған мүше мемлекеттердің Қытай Халық Республикасымен (ҚХР) арасындағы "Көлік дәліздері мен бағыттарын қалыптастыру, дамыту және цифрландыру" бағыты бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспардың жобасы ескерілген. Осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыс аясында тасымалдау және тауарға ілеспе құжаттар бөлігінде тиісті қадамдар қарастырылды.
 

2022 жылғы қаңтарға дейінгі халықаралық тасымалдарды ресімдеу кезінде заңдық маңызы бар электронды құжат айналымына көшу жөніндегі іс-шаралар көзделген", - деп жауап берді А. Мамин.

 
Осы орайда ол "ҚТЖ" ҰК" АҚ мен Қытай темір жолы арасында халықаралық жүк қатынасы туралы электронды деректермен алмасу бойынша келісім жасалғанын және биылғы қараша айында ЦИМ жүкқұжатының техникалық ерекшелігімен әрі тауарға ілеспе құжаттармен (Халықаралық жүк тасымалы туралы шартқа теміржолмен тасымалдың бірыңғай ережесі (Инвойс, Қаптау парағы) толықтыру бөлігінде қосымша келісімнің жобасы жіберілгенін еске салды.
 

Алайда Қытай темір жолы тарапынан "Сенім білдірген үшінші тарап" жүйесі бойынша электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланудың заңдылығы мәселесі шешілмеген. Осыған байланысты "ҚТЖ" ҰК" АҚ жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, теміржол тасымалдарын қағазсыз технология бойынша ресімдеуге көшуді жеделдету және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерді орындамау тәуекелдерін жою үшін осы мәселені шешуге жәрдемдесу туралы жұмыс жүргізуде", - деп жазды Үкімет басшысы.

 
Еске сала кетейік, сенатор Нұрлан Қылышбаев еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында кәсіпкерлердің Қытаймен шекара арқылы тауар тасымалдау кезінде кездесетін мәселелерін көтерген еді. 
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны