16.03.2022, 16:43 10366

Еңбек министрлігі зейнетақының орташа мөлшерін атады

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 538 теңгені құрады.
Еңбек министрлігі зейнетақының орташа мөлшерін атады
НҰР-СҰЛТАН. 16 НАУРЫЗ - 1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 470,1 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы ақпанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 235,4 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 246 мыңнан астам адамды құрайды. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 538 теңгені құрады", - деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

 
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалғанын еске салайық.
 
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
 
Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.
 
Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
 
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
 
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.
 
Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бастап зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігінің жаңа шегі күшіне енеді. 
 
$1 = 512,2 теңге.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны