18.03.2022, 20:56 99641

Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдай туралы айтты

Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдай туралы айтты
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 18 НАУРЫЗ - Энергетика министрлігі елдегі сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Сұйытылған мұнай газын өндіру 2021 жылы 3,17 млн.тоннаны құрады. 2022 жылға арналған жоспар – 3,2 млн. тонна.
 
Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын негізгі тұтынудың 60% - дан астамы автокөлікке тиесілі.
 
2019 жылдан бастап сұйытылған газға ауыстырылған автокөлік саны 2021 жылға қарай 2,2 есеге өсіп, 310 мыңнан астам бірлікке жетті.
 
Қазақстанда Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылғы 5 қаңтардан бастап елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін сұйытылған газ нарығы бойынша мынадай шұғыл шаралар қабылданды:
 
- өңірдің қашықтығына байланысты сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасы 1 литріне 50-ден 75 теңгеге дейінгі дәлізде белгіленді;
 
- сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасы 38,7-ден 28 мың теңгеге дейін төмендетілді;
 
- 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін Сауда-саттық қағидалары тоқтатыла тұрады, оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс сататын болады;
 
- Өнімді беру жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу жөніндегі бұйрық бекітілді, оған сәйкес республика аумағында көтерме және бөлшек саудада өткізу құқығы бар субъектілердің тізбесі кеңейтілді.
 
Қосымша шаралар ретінде, оның ішінде ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, бағалардың алыпсатарлық ауытқуына жол бермеу үшін мынадай шаралар пысықталуда:
 
1. Өндіруші зауыттардың сұйытылған мұнай газына шекті көтерме бағаларды белгіленген бөлшек сауда бағаларына сүйене отырып анықтау әдістемесін әзірлеу, бұл түсімді зауыттар мен сатушылар арасында әділ бөлуге мүмкіндік береді.
 
2. Жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының орнына Маңғыстау облысында жаңа газ өңдеу зауытын жобалауға және салуға EPC-келісімшарт жасасу жоспарлануда.
 
Бұған дейін екі МӨЗ газ бағасын жасанды түрде көтергені хабарланған болатын.
 
13 наурызда ҚР Энергетика министрлігі бұйрық жобасында электронды сауда алаңдарынан тыс ІІ тоқсанға сұйытылған газ бағасының шегін анықтады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны