11.04.2022, 18:51 5376

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында мерзімінен бұрын басқарма төрағасы ауысты

Алик Айдарбаевтың Басқарма төрағасы ретіндегі өкілеттігі берген өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылды.
ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында мерзімінен бұрын басқарма төрағасы ауысты
Сурет: ҚазМұнайГаз ҰК АҚ
НҰР-СҰЛТАН. 11 СӘУІР - Самұрық-Қазына АҚ Басқармасының шешімімен Құрманғазы Есқазиев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Алик Айдарбаевтың Басқарма төрағасы ретіндегі өкілеттігі берген өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Құрманғазы Орынғазыұлы Есқазиев В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін геолог-тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірді. 
 
2006 жылы Томск политехникалық университетінде диссертация қорғап, "геология-минералогия ғылымдарының кандидаты" біліктілік дәрежесіне ие болды. 
 
2021 жылы И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде диссертация қорғап, "геология-минералогия ғылымдарының докторы" ғылыми дәрежесіне иемденді. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2015 ж.), И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетінің "Мұнай мен газды іздеу-барлау" кафедрасының профессоры.
 
Еңбек жолын 1985 жылы "Эмбанефть" өндірістік бірлестігінде оператор-коллектор болып бастады. Онда операторлықтан бастап "Ембімұнайгаз" АҚ бас директорына дейінгі өндірістік қызметтің барлық сатысынан өтті.
 
2006 - 2008 жылдар аралығында "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ геология және игеру департаменті директорының орынбасары, директоры болды.
 
2008 жылдан бастап 2015 жылға дейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-да мұнай және газ өндіру жөніндегі атқарушы директор, геология, геофизика және резервуарлар жөніндегі басқарушы директор, бас геолог, Басқарма төрағасының геология және келешек жобалар жөніндегі орынбасары, операциялық емес активтер (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) жөніндегі басқарушы директор, геология жөніндегі басқарушы директор қызметтерін атқарды.
 
2015 жылдың қыркүйегінен 2018 жылға дейін – "Ембімұнайгаз" АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы), "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы).
 
2018 - 2020 жылдар аралығында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнай сервисі жөніндегі орынбасары, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының геология және барлау жөніндегі орынбасары болып қызмет етті.
 
2020 жылдан бастап "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы).
 
2022 жылдың ақпанынан "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны