19.10.2021, 19:27 31947

Қазақстанда ағаш материалдарын экспорттауға тыйым салынады

Үкімет ел аумағынан ағаштың жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салмақ.

НҰР-СҰЛТАН. 19 ҚАЗАН - Үкімет ел аумағынан ағаштың жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салмақ. Бұл туралы Cыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, ресейлік ағаштың рұқсатсыз қайта экспортталуын болдырмау, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін ағаштың жекелеген түрлерін қай елде шығарылғанына қарамастан, 6 ай мерзімге дейін ел аумағынан әкетуге тыйым салынды. Мұнымен қоса, Премьер-Министрдің орынбасары әкетуге мораторийді алып тастау туралы шешім қабылданғанға дейін әр 6 ай сайын шектеулерді автоматты түрде ұзарту туралы ұсынысты мақұлдады.

Күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын әкетуге квотаны ұлғайтудың қажеттілігі мен табиғи уран мен оның қосылыстарына экспорттық кедендік баж салығын енгізу мәселелері талқыланды.

Ә. Смайылов, сондай-ақ, тұқым өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын экспорттауға квотаның оңтайлы көлемін анықтау және өнім бағасының өсуіне жол бермеу қажеттігін баса айтты.

Ведомствоаралық комиссияға қойылған бірқатар мәселелер тиісті министрліктердің ұсыныстарын ескере отырып пысықталады. Нақты шешім келесі талқылаудың нәтижелері негізінде қабылданады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны