18.10.2022, 13:24 10291

Қазақстанда электр энергиясын тұтынудың төмендеуі байқалады, бұл майнерлерді анықтаумен байланысты

Бұл туралы ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Астана. 18 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазіргі уақытта Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
 

Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша экспортты ескере отырып, электр энергиясын өндіру 86,9 млрд кВтсағ құрады. Тұтыну 86,8 млрд кВтсағ құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 1,4%-ға төмен. Тұтынудың төмендеуі көбіне цифрлық майнинг бойынша заңсыз қызметті жүзеге асырған тұлғаларды анықтауға қатысты жүргізілген жұмыстармен байланысты", - деді Б. Ақшолақов.

 
Энергетика министрлігінің бағалауы бойынша, 2022-2023 күзгі-қысқы кезеңінде энергия жүйесіндегі ең жоғары жүктеме шамамен 16,1 ГВт құрайды деп күтілуде.
 

Ел өңірлерінде жылыту маусымы басталып, штаттық режимде өтуде. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың дайындығы 95% құрайды", - деді Болат Ақшолақов.

 
Энергия көздерінің қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут жинақталған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді.
 
Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын беру рәсімдері аяқталды. Нәтижесінде, энергия өндіруші ұйымдарға 95 паспорт, энергия беруші ұйымдарға 66 паспорт берілді.
 
Сала перспективаларына тоқталған энергетика министрі қазіргі уақытта ведомствоның электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі пайымын дайындағанын атап өтті. Оны іске асыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау талап етіледі.
 
Біріншіден, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу арқылы электр энергиясы нарығын реформалау қажет.
 
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде генерациялау секторында энергия көздерін дамытуға, инвестицияларды жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар топтамасы дайындалды.
 
Алдағы энергетикалық ауысу шеңберінде "таза көмір" технологияларын, жаңартылатын энергетиканы, заманауи газ және атом генерациясын, Smart Grid зияткерлік жүйесін қолдана отырып, ESG қағидаттары негізінде дамыту жөніндегі шаралар әзірленді.
 
Бұл шаралар Министрлік әзірлеген Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы шеңберінде көзделген.
 
Тұжырымдаманы Энергетика министрлігі осы жылдың қазан айында мемлекеттік органдармен келісу қорытындылары бойынша Үкіметтің қарауына енгізуді жоспарлап отыр.
 
Оның хабарлауынша, осы пайымды іс жүзінде іске асырудың бірінші кезеңі ретінде Министрлік заңнамалық түзетулер топтамасын дайындады, ол қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.
 
Генерациялайтын қуаттардың тозуын 15%-ға төмендету мақсатында 2035 жылға қарай "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тарифтік саясатына көшу шеңберінде тариф белгілеу тәсілдерін трансформациялау талап етіледі, бұл жыл сайынғы инвестициялар көлемін 3 есеге арттыруды талап етеді.
 
Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдардың меншік иелерінің рөлін күшейтуді қамтамасыз етуді орынды деп санайды.
 
Мәселен, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде өз қаражатын салу бойынша шаралар белгіленетін болады.
 
Бұдан басқа, жобаларды іріктеу кезінде нысаналы көрсеткіштер мен іс-шараларды, оның ішінде негізгі жабдықтың тозуын, отынның үлестік шығынын азайту, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі іс-шараларды белгілеу жоспарлануда.
 
Сондай-ақ субъектілердің жария тыңдаулар және ашық сатып алулар өткізуі арқылы энергия өндіруші ұйымдардың қаражатын пайдаланудың ашықтығы қамтамасыз етілетін болады.
 
Бұл ретте жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде уәкілетті орган тарапынан сапаға бақылау белгіленетін болады.
 
Осы шараларды іске асыру мүмкіндігі үшін мемлекет тарапынан қарсы қолдау шаралары көзделетін болады.
 
Энергия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат талап етіледі.
 
Бүгінгі таңда электр қуаты нарығы шеңберінде салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит белгіленді. Қазіргі уақытта лимит 32 млрд теңгеге тең және 100 млрд теңгеге ұлғайтуды талап етеді.
 
Министрдің айтуынша, сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет.
 

Электр энергиясына орта мерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация секторындағы бірқатар жобалар пысықталып жатыр. Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарды қалпына келтіру және кеңейту жөніндегі жұмыстар шеңберінде шамамен 2,3 ГВт-ты енгізу қосымша қамтамасыз етілетін болады. Бұдан басқа, жалпы қуаты 2 ГВт-тан асатын жаңа электр станцияларын салу бойынша жобалар іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде. Жоғарыда аталған жобалардың басым бөлігі – шамамен 2,3 ГВт – көмір генерациясын енгізуді көздейді", - деді Энергетика министрлігінің басшысы.

 
Оның айтуынша, осы жобаларды іске асыру кезінде қазіргі заманғы технологиялар, оның ішінде "таза көмір" технологиялары (түтін газдарын сүзудің озық жүйелері, көмірқышқыл газын ұстау технологиялары, көмірді циклішілік газдандыру және т.б.) қолданылатын болады.
 
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. ЖЭК секторына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден астам.
 
Осы жылы ЖЭК-тен алынған электр энергиясының көлемі 4,5 млрд кВтсағ немесе өндірістің жалпы көлемінің 4% көлемінде болжанады.
 
Бұл ретте, қаржы-есеп айырысу орталығымен қол қойылған шарттар шеңберінде 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда.
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ЖЭК объектілерін салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруға бастама жасаған Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы компанияларымен келіссөздер жалғасуда. Бұл компаниялар электр энергиясының құнын қазіргі аукциондық бағадан төмен сатуды ұсынады және жеке келісімдер жасауды сұрайды.
 
Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6%-ға тең болуы тиіс.
 
Осы индикаторға қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау шеңберінде ағымдағы жылдың қараша айында жиынтық қуаты 690 МВт ЖЭК жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізу жоспарлануда. Оның айтуынша, биыл ЖЭК секторына инвесторларды қолдау бойынша күшейтілген шаралар арқасында осы аукциондық сауда-саттықты өткізу қамтамасыз етілетін болады.
 
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың күзінде электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі байқалды. Тұтынудың өсуі елдің барлық аймақтарында тіркелді. 2021 жылдың үш тоқсанында ҚР-да электр энергиясын өндіру 83,6 млрд кВт-сағ құрады - бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артық. Тұтыну 7%-ға өсті - 82,9 миллиард кВт/сағ дейін (және Оңтүстік аймақ бойынша шамамен 12%-ға). ҚР-да тек үш өңірде ғана энергия артық (Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары). Қалған өңірлерде энергия тапшылығы бар және олардың көпшілігінде тұтыну өндірістен бірнеше есе асып түседі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны