24.05.2022, 17:00 10986

Қазақстанда күріш егу алқабы қысқартылды

Қазақстанда күріш егу алқабы қысқартылды
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 24 МАМЫР - Қазақстанда суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру аясында күріштің егіс алқабы қысқартылады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру жалғасуда, осыған байланысты күріш алаңының 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға, оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың гектарға, Түркістан облысында 2,9 мың гектарға және Алматы облысы 0,6 мың гектарға азаюы күтілуде", - деді Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

 
Бұл ретте, министр атап өткендей, монодақыл – мақтаның алаңы 115 мың гектарға өсуі күтілген болатын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға көп. 
 

Алайда, бүгінгі күнге бұл көрсеткіш 119 мыңнан асты. Бұған тоннасына 350 мың теңге жоғары сатып алу бағасы ықпал етті, ол 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге жоғары болды", - деп нақтылады АШМ басшысы.

 
Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, биыл суармалы жерлердегі жоспарланып отырған егіс алаңы 1,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 39 мың гектарға (2,6%) төмен. Бұл ретте, егіс алаңдарының түпкілікті көлемі егіс жұмыстары аяқталған соң нақтыланатын болады.
 
Е. Қарашөкеевтің айтуынша, суармалы егіншілікті дамыту суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. 
 
Мәселен, шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында заманауи суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл мақсаттар үшін облыстардың өтінімдері бойынша 268 жобаны іске асыруға 16,6 млрд теңге көзделген.
 
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, онда судың бір текше метріне бөлінетін субсидиялар мөлшері тарифтерден пайыздық қатынаста 50%-дан 85%-ға дейін сараланып белгіленеді. Бұл мақсаттар үшін 2,7 млрд теңге көзделген.
 
Фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында қазіргі уақытта су беру бойынша көрсетілетін қызметтерді өтеу жөніндегі субсидияларды суару тәсілдеріне байланысты саралау жұмысы жүргізілуде, яғни бұрынғы деңгейдегі субсидияларды су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алады.
 
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56%-ға өсетінін, ал су тапшылығы жылына 12 текше километрге дейін жетуі мүмкін екенін атап өтті. Оның үстіне Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқаны білінеді. Мұның барлығы еліміздің оңтүстік өңірлерінінің су тапшылығынан зардап шегуіне әкеледі.
 
Осыған байланысты Үкімет басшысы суды тиімді пайдаланудың өте өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60%-ы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет.
 

Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарын және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды", — деді Әлихан Смайылов.

 
Сонымен қатар, Үкімет басшысы суармалы суды тиімді бөлу керектігіне назар аударды. Әкімдіктер суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
 
Талқылауды түйіндей келе, Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді:
 
  • су дипломатиясы бойынша нақты позицияны әзірлеп, үкіметаралық комиссия аясында елдің мүддесін ескере отырып, оны ілгерілетуді қамтамасыз ету керек;
  • суару тәсілдеріне қарай су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияларды саралау мәселесін пысықтау керек; 
  • суармалы жерлердің 1 гектарға емес, суаруға кеткен судың көлемі үшін ақы енгізу мәселесі пысықталуы тиіс. Бұл суды тиімді пайдалануға ықпал етеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны