28.09.2021, 21:05 31534

Қазақстанда нанның қымбаттауына негіз жоқ - АШМ

НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстанда нанның қымбаттауына негіз жоқ. Бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Талдап қарасақ, нан бағасының күрт өсуі тіркелген жоқ. Өңірлерде нан бағасы тұрақты. Бидай мен ұнға деген айтарлықтай сұраныс жоқ. Бидай мен ұн нарықта жеткілікті мөлшерде бар. Жиын-терім науқаны аяқталып қалды, яғни нан бар. Ол ұнға өңделеді және наубайханаларға жеткілікті мөлшерде жеткізіледі", - деді Сұлтанов.

 
Оның айтуынша, өңірлерде әлеуметтік нанның бағасы тұрақты, ол өскен жағдайда Үкімет мемлекеттік реттеу шараларына жүгінеді.
 

Кейіннен, егер бидай бағасы көтерілсе, бұл ұн бағасының өсуіне әкеледі, сәйкесінше, нан бағасына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Сондай-ақ, заңда көзделген шаралар шеңберінде бағаны реттеу, тұрақтандыру тетіктері, оның ішінде кейіннен наубайханаларға беру үшін астық көлемінің бір бөлігі Азық-түлік корпорациясының резервінен ұн тарту кәсіпорындарына жөнелтілетін болады. Яғни, нанға қажетті шикізат бағасы көтерілген жағдайда Үкімет тарапынан шаралар қабылданатын болады және әлеуметтік нан бағасының күрт өсуі болмайды", - деп сендірді спикер.

 
Естеріңізге сала кетейік: бүгін Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі астық жинау науқаны аяқталуға жақын екенін, астықтың жалпы көлемі республиканың ішкі қажеттіліктерін жабу үшін жеткілікті екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, республикада мұндай жоғары сапалы астық соңғы 5 жылда болмаған.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда бір тонна бидай құны 120 мың теңгеден асты. Сонымен қатар, аграршылар ұн мен нан бағасы өседі деген пікір білдірді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны