19.04.2023, 17:44 31121

Қазақстандықтар наурыз айында 4500-ден астам алтын құйма сатып алды

Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,2 тонна 122 430 алтын құйма сатылды
Қазақстандықтар наурыз айында 4500-ден астам алтын құйма сатып алды
Сурет: Depositphotos
Астана. 19 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - 2023 жылдың наурыз айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде 4 568 алтын құйма сатылды, олардың жалпы салмағы - 175,0 кг, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,2 тонна 122 430 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі - 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% - 31 909 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма - 27 547 дана (22%), 100 грамдық құйма - 25 218 дана (21%), 20 грамдық құйма - 23 566 дана (19%), және 50 граммдық құйма - 14 190 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 526,4 келі 20 703 алтын құйманы кері сатып алды. Бұл - жалпы сатылған құймалардың 17%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова наурыз айында сыртқы нарықтардың серпініне әсер еткен негізгі оқиғалар туралы айтып берген болатын. Оның айтуынша, бір ай ішінде ішкі валюта нарығында АҚШ пен Еуропаның банк секторында ахуалдың нашарлауына байланысты нарыққа қатысушылардың сентименті нашарлап, мұнай бағасы төмендеді. Құбылмалылықтың өршуі осыған байланысты болды.

Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі өткен айда 300 млн долларға төмендеп, ақпан айының соңында 57,4 млрд долларды құрады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны