17.03.2022, 17:48 16446

"ҚазАзот" тыңайтқыш бағасын төмендетеді

Отандық аммиак селитрасының бағасы биылғы 16 наурыздан бастап 200 мыңнан 160 мың теңгеге дейін төмендетіледі.
"ҚазАзот" тыңайтқыш бағасын төмендетеді
Сурет: pexels.com
НҰР-СҰЛТАН. 17 НАУРЫЗ - Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп минералды тыңайтқыштардың бағаларын төмендету бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуде, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, фермерлер үшін барлық жағдай жасалған. 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, фермерлер тұқыммен қамтамасыз етілді, техниканың дайындығы 95% деңгейінде (егіс жұмысы басталарда 100% болады), жалпы соманы 140 млрд теңгеге дейін жеткізе отырып, қаржыландыру көлемін 70 млрд теңгеге ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржыландыруға 80 млрд теңгеге дейін бағыттайды, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе көп", - деп хабарлады ҚР АШМ.

 
Ведомствоның мәліметінше, ағымдағы жылы АӨК мемлекеттік қолдау жүйесі өзгеріссіз қалады, бұл фермерлерге қосымша қиындықтарсыз егіс жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді.
 

Сондай-ақ, 29,7 млрд теңге көлемінде пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын қаржыландыру қамтамасыз етілді, бұл егіс алаңын 100% өңдеуге мүмкіндік береді. Шамамен 659 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр", - деп хабарлады ведомствода.

 
Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдай фермерлерді отандық минералды тыңайтқыштардың бағасын төмендету мәселелерін объективті түрде көтеруге мәжбүр етеді.
 

Тыңайтқыштардың құны түпкілікті өнімнің бағасына, сондай-ақ жалпы сатып алу қабілетіне әсер ететінін ескере отырып, Премьер-Министр Ә.Смайыловтың тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп минералды тыңайтқыштардың бағаларын төмендету бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуде", - деп нақтылады АШМ-де.

 
Осылайша, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен "ҚазАзот" компаниясының басшылығымен өткен кеңесте тараптар отандық аммиак селитрасының бағасын биылғы 16 наурыздан бастап 200 мыңнан 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешімге келді.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Тоқаев егіс науқанын жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны