26.01.2026, 17:22 2921
Банкноталар сериясын "Сақ стилі" сериясына ауыстыру туралы
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "Сақ стилі" банкноталарының жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығаруды жалғастырады. 2026 жылдың соңына шығару жоспарланған 20 000 теңгені есепке алмағанда, барлық номиналдағы банкноталар айналымға шығып болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Жаңа банкноталарды шығару кезінде ескі және жаңа купюралардың айналымда қатар жүретін кезеңі болатынын атап өту маңызды. Яғни, азаматтар сауда-саттықта ескі ақшамен де төлем жасап, оларды жаңасына айырбастай алады деген сөз. Осы уақыт аралығында банктер жаңа банкноталармен жұмыс істеу үшін өзінің банкоматтары мен кассалық жабдықтарын баптайды. Бұл тәсіл ақша ауыстыру кезінде халық пен бизнесті асықтырмай, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Мысалы, номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2023 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы қыркүйекке дейін созылғандықтан, халық пен бизнес ескі ақшаларды жаңасына еш кедергісіз ауыстыруға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда айналымда қалған ескі үлгідегі банкноталардың көлемі 1%-дан аз. Олар банктерге кейін де түсе береді, ал кейбір бөлігі жоғалып, сыртқа әкетілуіне немесе коллекция түрінде сақталуына байланысты қайтпауы да мүмкін.
2026 жылы номиналы 2 000 және 10 000 теңгелік банкноталар үшін айналымда қатар жүру кезеңі аяқталады:
- 10 000 теңге - 2024 жылғы 28 маусымнан 2026 жылғы 27 маусымға дейін;
- 2 000 теңге - 2024 жылғы 25 желтоқсаннан 2026 жылғы 24 маусымға дейін.
Ұлттық Банк 10 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі ол банкноталар халық пен кәсіпкерлер арасында кеңінен таралған.
Оның үстіне, 2 000 мен 10 000 теңгелердің айналымда қатар болу уақыты бір мезгілде аяқталатындықтан, банк жүйесіне қосымша ауыртпалық салуы мүмкін. Сол себепті, мерзімді ұзарту халық пен бизнеске ескі банкноталарды жаңасына біртіндеп әрі ыңғайға қарай ауыстыруға көмектеседі, сондай-ақ ескі үлгідегі банкноталардың табиғи тозуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, айналымдағы қатарлас кезең аяқталған соң да барлық банктер мен "Қазпошта" АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі ақшаларға тағы 3 жыл бойы, ал Ұлттық Банктің филиалдары - мерзімсіз айырбастайтынын еске салғымыз келеді.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар айналымда қатар болған кезеңде заңды төлем құралы болып қала береді, олар өз құнына сай ҚР бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдарда, банк шоттарына есептеуде қабылдауға жатады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
27.01.2026, 17:07 2766
ҚР Энергетика министрлігі мен Korea Eximbank энергетикалық ауысу мәселелеріндегі ынтымақтастықты талқылады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдері Корея Республикасының Экспорт-импорт банкі (Korea Eximbank) делегациясымен кездесті. Тараптар энергетикалық ауысу бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында корей тарапы Economic Innovation Partnership Program (EIPP) бағдарламасын таныстырып, оның мақсаттары, іске асыру тетіктері мен кезеңдері, сондай-ақ Korea Eximbank-тің бағдарлама үйлестірушісі және EIPP аясында әзірленетін жобалардың қаржылық серіктесі ретіндегі рөлі жөнінде мәлімет берді.
Жиында бағдарламаның Корея Үкіметінің гранттық бастамасы екені айтылды. EIPP мемлекеттік саясатты әзірлеуге, мастер-жоспарлар мен техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындауға бағытталған және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Кездесуге ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қатысып, ұсынылған бағдарламаның өзектілігін және саланы дамытудағы басымдықтарға сәйкестігін атап өтті.
Қазақстан үшін энергетика секторын дамыту, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және халықаралық қаржыландыруды тарту басты міндеттердің бірі. EIPP бағдарламасы инновациялық жобалық шешімдерді әзірлеу және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырады", - деді вице-министр.
Энергетикалық ауысым бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылау барысында қазақстандық тарап Алатау Сити қаласының құрылысын корей бизнесінің қатысуымен жүзеге асырылатын әлеуетті инвестициялық және инфрақұрылымдық жоба алаңы ретінде қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар тараптар әділетті энергетикалық ауысудың инвестициялық платформасын (JETP) құру бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты. Жоспарланған платформа энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жобаларды құрылымдау, сүйемелдеу және қаржыландыруға, сондай-ақ озық технологиялық және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталмақ.
Корей тарапы EIPP бағдарламасы аясында бірлескен жобалар мен ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
26.01.2026, 17:51 3191
Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің екінші отырысында "Таза парақтан" реттеу мен жүйелік бизнес мәселелері талқыланды
Достарға айту
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жобасы кеңсесінің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Талқылаудың негізгі бағыты шағын және микро бизнес үшін ең сезімтал мәселелер, оның ішінде "таза парақтан" салықтық реттеу тетіктері болды.
Ең алдымен өтпелі кезеңдегі салықтық әкімшілендіруге нақты түзетулер қарастырылды. Атап өтілгендей, "таза парақ" түзетулері бойынша шағын және микро бизнес 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтық және камералық тексерулерден, сондай-ақ әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Дегенмен, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті ресми арналар арқылы хабарлаған бірқатар ерекшеліктер қарастырылған.
2025 жылғы 17 желтоқсанда Үкімет өтпелі кезеңге салықтық әкімшілендіруді түзету туралы шешім қабылдады. Аталған шешімді жүзеге асыру мақсатында осы жылдың 1 сәуіріне дейін салық берешегін төлеуге жататын өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару қағидалары әзірленді, кәсіпкерлік субъектілерін тарату және тоқтату рәсімдері қайта қаралды, сондай-ақ шағын және микро бизнеске қатысты кеңселік аудит жүргізу тәсілдеріне өзгерістер енгізілді. "Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталында тиісті нормативтік құқықтық актілердің жобалары орналастырылды және ақпан айының басында қабылданады деп жоспарлануда", - деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.
2026 жылға дейін ҚҚС бойынша есепке қоюға байланысты бұзушылықтар бойынша әкімшілік істер қозғалмайтыны, ал бұрын мемлекеттік кірістер органдары шығарған істер тоқтатылатыны айтылды. Бұл шаралар бизнестің салықтық әкімшілендірудің жаңа шарттарына барынша қолайлы өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің қатысуымен нормативтік стандарттарды "таза парақтан" бастап қолдану тәжірибесін түсіндіру мақсатында кеңейтілген кеңес өткізуге келісті.
Өткен аптада Мемлекеттік кірістер комитетіне call-орталығы мен Salykbot Telegram боты арқылы 19 400, Ұлттық экономика министрлігіне 50, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 14 өтініш келіп түскен. Сұрақтардың негізгі легі Мемлекеттік кірістер комитетінің арналары арқылы келіп түседі. Кәсіпкерлерді көбінесе салық режимін таңдау, салық төлеушінің шотында жұмыс істеу, электронды шот-фактураларды шығару, ағымдағы процедуралық мәселелер қызықтырады. Мұндай өтініштер бойынша түсініктемелер дереу беріледі. Жүйелі жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Мемлекеттік кірістер комитетінің call-орталығының жүктемесі төмендеді: бұрын күніне 5500-ге жуық қоңырау түссе, қазіргі уақытта бұл шамамен күніне 4700-ге жуықтады.
Ұлттық экономика министрлігі мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жүйелі мәселелер жинақталған. Олардың қатарында ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша ҚҚС мөлшерлемелерін қолдану, МИБ-ке салық салу, мүгедектерді жұмысқа алатын ұйымдарға салық салу шарттары, медицина саласында әртүрлі ҚҚС ставкалары мен жеңілдіктерді қолдану, сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту жатады.
Осындай үндеулердің бір мысалын "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов келтірді. Мәселе медицина саласындағы ҚҚС бойынша жеңілдіктерді жоюға қатысты. Салық кодексіне сәйкес, дәрілік заттарды өткізу және импорттау бойынша ҚҚС босату тек тегін медициналық көмек көрсету мен міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік қоры, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар және орфандық ауруларды емдеу үшін ғана сақталады. Бұл ретте коммерциялық сегментте сатылатын дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен компоненттерге 2026 жылдан бастап 5% және одан әрі 10% ставка бойынша ҚҚС салынады. Бұл, бизнес өкілдерінің пікірінше, соңғы тұтынушылар үшін шығындардың өсуіне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар белгіленген шекті бағалар бойынша коммерциялық сегментте дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тапшылығының тәуекелдері, сондай-ақ фармацевтикалық субстанциялар, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіруге арналған жабдықтарды өткізу және импорттау бойынша айналымдарға 16% базалық мөлшерлеме бойынша ҚҚС салынатыны қосымша атап өтілді.
Серік Жұманғарин салық органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалану бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы мәселеге арнайы тоқталды. Цифрлық қызметтердің белсенді дамуы кезінде барлық пайдаланушының өзгерістерге бейімделуге уақыты бола бермейтіні атап өтілді. Осыған байланысты нақты оқыту алгоритмін, оның ішінде цифрлық көмекшілерді пайдалану, сондай-ақ бизнеспен тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету қажет.
Жүйелік сұрақтар пулын қалыптастыру жұмыстары осы аптада жалғасады. Жобалық кеңсе деңгейінде шешім қабылдауды талап ететін мәселелер дүйсенбіге жоспарланған келесі отырыста қарауға шығарылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
26.01.2026, 15:04 2956
Екінші буын зауыты мен Королев кен орны іске қосылды: Теңіз жақын арада өндірісті жаңғыртуға дайындалуда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
ҚР Энергетика министрлігі Атырау облысындағы кен орындарында өндірістік операцияларды қалпына келтіру бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік туралы хабарлайды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметінен.
Маңызды кезең ретінде 26 қаңтарда Екінші буын зауытының сәтті іске қосылуын атап өтуге болады. Қазіргі уақытта зауыт жұмысы бүгін таңғы сағат 04:00-де іске қосылған Королев кен орнының шикізаты есебінен қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта шикізат ағыны тәулігіне 2 500 тоннаны құрайды. Мамандар жүйені толтыру және жобалық қуатқа шығу үшін мультифазалық ағынды беру көлемін жоспарлы түрде арттыруда.
Теңіз кен орнында қазіргі сәтте барлық күштер мен техникалық ресурстар толық жұмылдырылды. Энергетикалық нысандар мен электр энергиясын бөлу жүйелерін тексеру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Ресми ақпаратқа сәйкес, нысанда қорытынды техникалық сынақтар өткізу үшін барлық қажетті персонал жұмылдырылған. Қазіргі таңда энергиямен жабдықтау жүйесінің қауіпсіз іске қосылуы расталды, Теңіз кен орны жақын арада іске қосылатын болады. "Теңізшевройл" компаниясына өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау (HSE) талаптарын қатаң сақтай отырып, өндірісті барынша жедел қалпына келтіру міндеті жүктелді.
Екінші буын зауытының сәтті іске қосылуына арнайы технологиялық өтпелі желі монтажының жедел аяқталуы септігін тигізді. Кестенің келесі маңызды кезеңі - 2 ақпан. Бұл күнге қарай компрессор мен төрт трансформаторды пайдалана отырып, Қысымды арттыру жүйелері арқылы жұмысты қайта жандандыру жоспарлануда. Бұл Технологиялық желілер кешені мен Екінші буын зауытына шикізатты толыққанды әрі тұрақты беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ТШО-ға техникалық шараларды үйлестіруде жан-жақты қолдау көрсетіп, жағдайға сағат сайынғы мониторинг жүргізуде.
Барлық қалпына келтіру жұмыстарын тікелей Теңіз кен орнында жедел бақылау және үйлестіру мақсатында ведомство мен ұлттық компания басшылығы сол жерде тұрақты түрде жұмыс істеуде. Атап айтқанда, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев пен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобалары департаментінің директоры Жандос Жылқайдаров бақылауды тікелей нысан басында жүзеге асыруда.
Өндірістік циклді қалпына келтіру мәселесі Энергетика министрлігі басшылығының ерекше әрі тұрақты бақылауында. ТШО компаниясы сенімді өндірістік қызметті қамтамасыз етуге бейілділігін сақтай отырып, барлық инфрақұрылымның дайындығы мен процестердің қауіпсіздігі расталған сайын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыратын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
26.01.2026, 12:46 3421
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі өскен жоқ
Достарға айту
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының бір аптадағы жағдайы қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша орташа баға өсімінің индексі апта қорытындысы бойынша нөл деңгейінде сақталды. Алма (-2,1%), қияр мен пияз (-1,3%), шай (-0,9%), балық пен тауық еті (-0,6%) және басқа да азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандаған. Маусымдық факторға байланысты өзгедей әлеуметтік маңызы бар көкөністер бойынша баға құбылмалы болды.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, ерте піскен өнімді жеткізуді қамтамасыз ету бойынша қабылданған басқа да шаралардан бөлек, Сауда және интеграция министрлігі биылғы сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден көкөністерді бажсыз әкелу туралы ұсынысты ЕАЭО Кеңесінің қарауына шығару туралы бастама көтеріп отыр.
Жиын барысында вице-премьер Астана және Алматы қалалары әкімдері орынбасарларының өңірдегі қазіргі баға және экономикалық жағдай туралы баяндамаларын жеке-жеке тыңдады.
Елордада азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі тұрақты сақталуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 107,4%-ды құрады, бұл - ел бойынша ең тұрақты көрсеткіштердің бірі. Бағаның өсуін тежеу азық-түлік тауарлары бойынша уақтылы келісімшарттар жасау нәтижесінде мүмкін болып отыр. Өнімдер елордадағы 180-нен астам сауда нүктесінде сатылады. Ірі сауда желілерімен әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін шектеу жөнінде келісімдер жасалған. Сонымен қатар баға қалыптастырудағы делдалдық схемаларды анықтау және жәрмеңкелік сауданы дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. 2026 жылы Астанада 300-ден астам демалыс күнгі жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Жалпы ел бойынша шамамен 10 мың жәрмеңке ұйымдастырылмақ.
Алматы қаласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 8,9%-ды, ал биылғы жылдың басынан бері 0,2%-ды құрады. Ет және сүт өнімдерінің негізгі түрлеріне баға тұрақты деңгейде сақталып отыр, ал тауық еті мен кейбір сүт өнімдері арзандаған. Бағаның өсуі негізінен көкөністердің жекелеген түрлері мен бакалея өнімдеріне тиесілі, бұл ретте Алматыда қырыққабат пен қарақұмық жармасының бағасы ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін тікелей жеткізіп беру желісін кеңейту, демалыс күнгі жәрмеңкелер ауқымын арттыру және қаладағы сауда желілері мен базарларда күнделікті баға мониторингін күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне өңірлердегі жұмысты күшейтуді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуын тексеруді жандандыруды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.01.2026, 12:34 114896
Қазақстанда авиахабтарды дамыту шеңберінде "әр ұшаққа" авиаотынының құны төмендетілуде
Достарға айту
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында еліміздегі авиаотын бағасын төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Құрылтайда авиаотын бағасы көрші елдердегі әуежайлармен салыстырғанда тым қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз екені айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша авиахабтарды дамыту контексінде "әр ұшаққа" авиаотын тоннасының құны 1200-ден $940-қа дейін төмендетілді, одан әрі нысаналы төмендеуі тоннасына - $890", - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Бұл air Atlanta, Hungary Airlines, One Air сияқты халықаралық авиакомпаниялардың отандық әуежайлардағы рейстерінің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға және санын арттыруға мүмкіндік бергені атап өтілді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
Бұл отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға және "Air Atlanta", "Hungary Airlines", "One Air" сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
20.01.2026, 19:11 115191
АЭС құрылысын күтпей, жаңа қуаттарды іске қосу керек - Президент
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Елдің бірнеше аймағында деректерді өңдеу орталықтарына арналған алқаптар салынады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Барлық IT-инфрақұрылым сенімді және үздіксіз жұмыс істеуге қажетті қуатты деректер орталықтарын салу үшін алдын ала арнайы аймақтарды анықтау қажет. Бөлінген алаңдарда электрмен жабдықтау, салқындату және қауіпсіздік жүйелері бар деректерді өңдеу орталықтарын салу қажет.Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп Екібастұз бассейнінің энергетикалық базасында деректерді өңдеу орталығына арналған алқап салуды жоспарлап отыр. Жақсы ұсыныс, оның қаншалықты сәтті жүзеге асырылатынын көрейік", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған деректер орталықтары металлургиялық комбинаттармен бірдей қуат тұтынатынын еске салды.
Біз атом электр станциялары құрылысының аяқталуын күтпей, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосумен айналысуымыз керек. Өзін-өзі энергетикалық қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы керек", - деді Президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
20.01.2026, 15:45 115526
Қазақстан шикізаттық емес экспортты жүйелі басқаруға көшуде
Достарға айту
Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші топ-3 экспорттаушы елдің қатарына еніп, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруға ниетті. Осы мақсатта ел экспортты қолдаудың жекелеген шараларынан жүйелі салалық басқару моделіне көшіп, шикізат базасынан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарыққа дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға бағыт алды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен.
Астанада биылғы жылғы шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиын ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің төрағалығымен ұйымдастырылды. Отырыста агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер және қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою мәселелері талқыланды.
2025 жылы Экспорттық штабтың қызметі сапалық тұрғыдан жаңа форматқа өтті. Бұған дейін талқылаулар жекелеген мәселелер шеңберінде жүргізілсе, мамыр-желтоқсан айлары аралығында QazTrade алаңында бес салалық отырыс өтті. Олар агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне, май-тоңмай саласына, астықты қайта өңдеуге, балға, сондай-ақ өнеркәсіп және IT өнімдеріне арналды. Нәтижесінде штаб нақты салалардың экономикалық ерекшеліктеріне негізделген жүйелі шешімдерді әзірлеуге бағытталды.
Бұл жұмыстың негізгі нәтижесі 2026-2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасының әзірленуі болды. Сала алғаш рет қосылған құнды қалыптастырудың толық тізбегі аясында қарастырылды. Құжатты әзірлеу барысында еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдарды өсірумен, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу және Алматы облыстарында оларды өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорынға кешенді диагностика жүргізілді. Жұмысқа мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл тартылып, үш бейінді министрліктің өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығының халықаралық әдіснамасы қолданылды.
Жол картасында саланың дамуына арналған нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер айқындалды. Олардың қатарында өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанның күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына енуі көзделген. Нәтижесінде сала сыртқы нарықтардағы нақты сұранысқа негізделген бірыңғай және келісілген іс-қимыл жоспарына ие болды.
Қалыптасқан тәжірибе салалық тәсілді агроөнеркәсіп кешенінің өзге бағыттарына да кеңейтуге негіз болды. Отырыста мысал ретінде экспорт көлемі тұрақты өсіп келе жатқан және табыстылығы, климаттық тәуекелдерге төзімділігі мен экспорттық тартымдылығы бойынша дәстүрлі дәнді дақылдардан асып түсетін жасымық дақылы қарастырылды.
Сонымен қатар шикізаттық емес экспортқа кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, теміржол көлігінде жүктерді басымдықпен тасымалдау, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдері, қазақстандық компанияларды Қытай Халық Республикасының тізілімдеріне енгізу, экспорттық шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділік мәселелері қозғалды.
Май-тоңмай өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасы саланың стратегиялық дамуына берік негіз қалады. Сонымен бірге май өңдеу зауыттарын Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өндірушілері тізіліміне жедел енгізу және карантиндік рәсімдерді оңайлату қажет. Бұл шаралар шығындарды азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді", - деді "Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Ядыкар Ибрагимов.
Өз кезегінде Айдар Әбілдабеков проблемалық мәселелердің бірыңғай тізілімі қалыптастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тетік шешілмеген кейстерді "қолмен басқару" режимінде Сауда және интеграция министрлігі деңгейіне, қажет болған жағдайда Үкімет Аппаратының қарауына шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Экспорттық штаб отырыстарын ай сайын, салалық қағидат бойынша өткізу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Экспорттық штаб құрылғаннан бері шамамен 20 отырыс өткізіліп, 2025 жылы Экспорттаушылар форумы ұйымдастырылды. QazTrade экспорттық акселерация бағдарламаларын іске асыруды, сауда-экономикалық миссияларды, көрмелер мен бизнес-форумдарды өткізуді, сондай-ақ экспорттаушыларға консультациялық және қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.
Отырыстың қорытындысы бойынша экспорттаушылар мен салалық қауымдастық өкілдері Экспорттық штабтың жаңартылған жұмыс форматының тиімділігін атап өтіп, көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдірді. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл нақты мәселелер бойынша жедел шешім қабылдауға және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ықпал етеді.
Анықтама: 2025 жылы экспорттаушыларды қолдау мақсатында өнеркәсіптік-инновациялық қызметтің 109 субъектісіне 6,1 млрд теңге көлемінде шығындар өтелді. Отандық экспорттаушылардың қаржылық ресурстарға қолжетімділігі кеңейтілуде. Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша 2025 жылдың қорытындысында қаржылық қолдау көлемі 650,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда (336 млрд теңге) шамамен 1,9 есе артты. Сауда және экспорт алдындағы қаржыландыруға басымдық беріліп, оның көлемі 88,4 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсімді көрсетті. Барлығы 113 экспорттаушыға қолдау көрсетілді (оның ішінде шағын және орта бизнес үлесі - 69%, орта және жоғары деңгейде қайта өңделген өнім үлесі - 87%; 2024 жылы - 96 экспорттаушы).
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.01.2026, 20:05 120841
ТШО Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатты
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Теңізшевройл" компаниясы сақтық шарасы ретінде Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Компанияның хабарлауынша, бұл шешім өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінің кейбір бөліктерінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған.
Зардап шеккендер жоқ, ал қызметкерлердің қауіпсіздігі компания үшін ең жоғары басымдық болып қала береді. ТШО-ның техникалық қызметтері оқиғаның бастапқы себебін анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ал негізгі мақсат - қалыптасқан жағдайды қауіпсіз түрде жою. Компания аталған жағдайдың ықтимал салдарын барынша азайту мақсатында мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылда жұмыс атқарып жатыр",- деп мәлімдеді "Теңізшевройл" ЖШС баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
28.01.2026, 10:18Мажарстан астанасында Қазақстанның конституциялық реформалары таныстырылды 28.01.2026, 11:21 5286Қазақстан және ExxonMobil - энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту28.01.2026, 12:23 4606Румынияда Қазақстанның адам құқықтары саласындағы реформалары жоғары бағаланды28.01.2026, 11:27 516Шарын ұлттық саябағы жабайы табиғаттың сирек кадрларымен бөлісті
21.01.2026, 10:52 213651Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 213381Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2125562025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді21.01.2026, 13:03 199286354 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төлем алды21.01.2026, 10:12 136766Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің шақыруымен Давос қаласына жұмыс сапарымен барады
21.01.2026, 10:52 213651Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 213381Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2125562025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді20.01.2026, 22:18 212141Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті20.01.2026, 18:14 208286Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады

