04.09.2025, 12:02 110066

Батыс Қазақстан облысында 260 шақырым жол жөнделуде

Біз қазір Өнеге ауылының маңында тұрмыз. Жолаушылардың көлігін қажытып, жүйкесін тоздырған бұл жолда Кеңес үкіметінен бері асфальт болмаған. Алты жыл бұрын осы жерде сюжет жасаған едік. Қазір жол тақтайдай тегіс. Президент тапсырмасымен Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салынды, деп хабарлайды qaj.kz.

Жол жағдайы бұрын нашар еді. Батпақтан арылмайтынбыз. Оралға 12-15 сағат жүріп барған кездеріміз болды. Қазір шүкір, Орал мен Жәнібектің ортасына асфальт жол салынып жатыр", - Үмітханы Салихова, Өнеге ауылының тұрғыны.


Ірі жоба аясында Хан ордасы ауылына дейінгі 21 шақырым жол да орташа жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының бақылауындағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар Подстепное-Теректі-Ресей шекарасы бағытындағы күре жол қайта жаңғыртылуда. Орал-Ақтөбе тасжолының тұсындағы жол айрығында жұмыс қарқын алған. Бұл өткел клевер жапырағы тәрізді көпірге айналады.

Көлік жол айрығы аясында көпір салынуда. Бұл жерде жоспарланған 15 шақырым жаңа тасжол басталады. Ол Подстепное, Пойма елді мекендері мен әуежайды айналып өтеді. Қажетті техника мен материалдар дайын, жұмыс жүріп жатыр", - Данияр Дүйсенғалиев, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ облыстық филиалы бөлім басшысы.


Сондай-ақ, көлік апаты жиі болатын "Орал-Атырау" тасжолының 80 шақырымы биыл орташа жөндеуден өтеді. Бағдарлама аясында 45 млрд теңге бөлініп, жалпы 260 шақырым жол жөнделуде. Нәтижесінде талапқа сай жолдардың үлесі 56-дан 62%-ға дейін артады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны