14.10.2025, 21:37 134716

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалады

9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалып, өсім 6,2 %-ды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Министрдің сөзінше металлургия, машина жасау, химия, құрылыс материалдар өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібінің тағы 11 салада көрсеткіш артуда. Металлургия өнеркәсібінде көлем 0,3%-ға артқан. Оң динамика отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, шикізатпен қамтамасыз ету нәтижесінен қалыптасып отыр. Машина жасау саласы көлік құралдары, ауыл шаруашылық техникасы, және түрлі жабдықтар өндірісінің өсуінен 14%-ға ұлғайды. Бұл ішкі сұраныстың ұлғаюы, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі.

Сонымен қатар осы жылы Алматы қаласында көпбрендті жеңіл автомобиль шығаратын зауыт, Астана қаласында жолаушылар вагондарын өндіретін "Штадлер Қазақстан" кәсіпорны, сондай-ақ Атырау қаласында жүк вагондарын шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қостанай қаласында KIA жеңіл автомобильдерін өндіретін зауыт іске қосу жоспарлануда.

Химия өнеркәсібі саласында полипропилен, натрий цианиді, аммиак селитрасы және аммофос өндіру көлемі өсіп, 9,6% өсімді құрап отыр. Бетон, құрылыс қоспалары, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкциялары өндірісі артып, құрылыс материалдар өндірісі 4,7 %-ға ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіпте 9,4% өсімді көрсетіп отыр. 9 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 6,4 трлн теңгені құрап, 14,9%-ға артты. Еліміздің 17 өңірінде оң көрсеткіш сақталуда, алайда 3 өңірде - Абай, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеген. Жалпы, жыл басынан бері құрылыс саласы орта есеппен 15% деңгейінде тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. Бұл саланың жүйелі түрде дамып, жоспарланған шаралардың тиімді жүзеге асырылып жатқанының нәтижесі. Биылғы тұрғын үй саласындағы жоспар - 19,2 млн шаршы метр болып белгіленді", - деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.


9 айдың қорытындысы бойынша 12,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,4%-ға артты. Еліміздің 17 өңірінде осы бағытта оң динамика байқалуда. Ең көп өсім Алматы, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында тіркелген. Абай, Атырау және Маңғыстау облыстары төмен көрсеткіштерге ие болып отыр.

Министрлік аталған салалар бойынша тұрақты өсім қарқынын қамтамасыз етіп, жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Сонымен қатар жаңа өндірістерді іске қосуға, локализация деңгейін арттыруға және өңірлерде инвестициялық белсенділікті ынталандыратын болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны