25.11.2021, 15:50 15357

Индустрия және Энергетика министрлігі авиаотынмен қамтамасыз етудің ағымдағы жағдайы бойынша кеңес өткізді

Авиаотынды жеткізушілерге авиакәсіпорындар үшін отынды жедел жөнелту жөнінде шаралар қабылдау және өндірілетін көлемді түпкілікті тұтынушыларға уақтылы жеткізу қажеттігі туралы айтылды.
Индустрия және Энергетика министрлігі авиаотынмен қамтамасыз етудің ағымдағы жағдайы бойынша кеңес өткізді
НҰР-СҰЛТАН. 25 ҚАРАША - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отандық әуежайлар, әуе компаниялары, "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниялары басшыларының және авиаотынды жеткізуші ірі компаниялар өкілдерінің қатысуымен азаматтық авиация мұқтаждықтары үшін отынмен қамтамасыз етудің ағымдағы жағдайы бойынша бірлескен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Авиаотынды жеткізушілерге авиакәсіпорындар үшін отынды жедел жөнелту жөнінде шаралар қабылдау және өндірілетін көлемді түпкілікті тұтынушыларға уақтылы жеткізу қажеттігі туралы айтылды", - деп хабарлады ИИДМ.

 
Отандық мұнай өңдеу зауыттарында авиаотынды өндіру көлемін жоспарлау мақсатында ұзақ мерзімді перспективада кәсіпорындарға 2030 жылға дейін отын тұтынудың болжамды жоспарларын ұсыну тапсырылды.
 
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов әуе компаниялары мен әуежайларға алдағы мереке күндерін ескере отырып, жолаушыларды тұрақты тасымалдауды толық көлемде жүзеге асыруды тапсырды. 
 
ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отандық мұнай өңдеу зауыттары өндіретін авиаотын көлемі жолаушылар тасымалын орындайтын әуе компанияларының қажеттіліктерін толығымен жабатынын атап өтті. Сонымен қатар, әуе тасымалдары нарығында жүк және транзиттік қызметтердің айтарлықтай өскені байқалады. Оларды қамтамасыз ету үшін авиаотынды импорттау қажет деді ҚР Энергетика министрі.
 
Жиын барысында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының, Эйр Астана, СКАТ, Qazaq Air әуе компанияларының, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әуежайларының, "ҚазМұнайГаз" АҚ және "ҚТЖ ҰК" АҚ компаниялары басшыларының әуежайлардағы авиаотынның қалдықтары, жыл соңына дейін тұтыну және өндіру көлемдері, 2022 жылға арналған жоспарлар, келісімшарт жасалған көлемді жөнелту және отынды теміржол арқылы тасымалдау туралы баяндамалары тыңдалды.
 
 
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрақты әуерейстерді орындауды тоқтата тұру күтілмейтінін хабарлады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны