08.11.2022, 14:20 26776

ҚМГ Атырау облысында ірі мұнай қоймасын салу мәселесін зерделейді

Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында Қазақстан Президенті өңірдегі мұнай қоймаларының қуатын арттыру мәселесін көтеріп, Қытайдың тәжірибесін мысалға келтірді.
ҚМГ Атырау облысында ірі мұнай қоймасын салу мәселесін зерделейді
Сурет: Depositphotos
Атырау. 8 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында Қазақстан Президенті өңірдегі мұнай қоймаларының қуатын арттыру мәселесін көтеріп, Қытайдың тәжірибесін мысалға келтірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады", - деді Президент.

 
Мемлекет басшысы "Қазмұнайгазға" экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек.
 

Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын", - деді Президент.

 
Оның пікірінше, өңірдегі шетелдік компаниялар аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керек.
 

Үкімет әкімдікпен бірлесіп, инвесторларды осы жұмысқа жұмылдыруы қажет. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аударылады. Осы мәселені Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына шығару керек. Мемлекет мүддесі үшін инвесторлармен жалпы келісімдерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырамын", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысының айтуынша, инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
 

Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс", - деп тапсырды ол.

 
Президент аймақтың экономикасын әртараптандыру қажет екенін айтты. Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр.
 

Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді. Сондықтан, осы облыста "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі", - деді Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны