12.04.2022, 17:54 14271

Наурызда Қазақстанда инфляция рекордтық 12%-ға жетті

Наурызда Қазақстанда инфляция рекордтық 12%-ға жетті
НҰР-СҰЛТАН. 12 СӘУІР - Наурызда Қазақстанда инфляция 8,7%-дан 12%-ға дейін жеделдеп, 2016 жылғы қыркүйектен бері ең жоғары мәнге жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты, олардың өсуі 10%-дан 15,4%-ға дейін жеделдеді (бір айда инфляция 5,8%-ға өсті). Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ бағаларының айтарлықтай өсуі байқалды", - деді Ұлттық Банк басшысы.

 
Оның айтуынша, наурыздың төртінші аптасының (24-29 наурыз) қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6%-ға дейін өсті. Осы өсуге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы айтарлықтай үлес қосты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында 1,3%, сәуірдің бірінші аптасында 0,9% болып, тұрақтануда. 
 
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы наурызда 8,6%-дан 10,9%-ға дейін қымбаттады. Оған теңге бағамының әлсіреуі және азық-түлікке қарағанда төменірек болса да, артық сұраныстың қысымы себеп болды. 
 
Ақылы қызмет көрсету бағасы 7,1%-дан 8,3%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты болды.
 

Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, инфляция болжамы өсу жағына қарай қайта қаралуда", - деді Пірматов.

 
Ол Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық өсуіне жол бермеуі және алдын алу шараларын қабылдауы қажет екенін атап өтті.
 

Өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, өңіраралық ағындарды уақтылы ұйымдастырып, елді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылау маңызды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға үстемесіне тиімді бақылау жүргізу қажет", — деп атап өтті Ғ. Пірматов.

 
Ұлттық Банк басшысы сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауы туралы да айтты.
 

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі наурызда теріс көрсеткішке ауысып, 48,3 болды (ақпанда – 50,6). Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы өсті", - деді Пірматов.

 
Украина мен Ресей Федерациясының арасындағы қақтығыс аясында экспорт көлемінің қысқаруы әсерінен наурызда өсімдік майы (бір айда 23,2%-ға) және дәнді дақылдар (17,1%) бағасының рекордтық өсуі ФАО азық-түлік бағалары индексінің 1990 жылдан бастап ең жоғары деңгейіне алып келді (159,3 тармақ, бұл ақпандағы мәннен 17,9 тармаққа (12,6%) жоғары).
 

Шикізат, жанар-жағар май, газдың қымбаттауы аясында Еуроаймақтағы инфляция наурызда алдын ала деректер бойынша 7,9%-ға дейін өсті, АҚШ-та ақпанда 40 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,9% болды. Ресейде инфляция наурызда 16,7%-ға дейін жеделдеді", - деді спикер.

 
Ғ. Пірматов берген ақпаратқа сай, Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай тауар жеткізілімі проблемаларының сақталуына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдердің іске асуына байланысты биыл қолайсыз болады. 
 
Бұған дейін хабарланғандай, қаңтар - наурызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны