12.04.2022, 17:06 8261

Қаңтар-наурызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдеді

Нақты сектордағы өсім 5,9%-ды құрады.
НҰР-СҰЛТАН. 12 СӘУІР - Биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты секторда өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, көрсетілетін қызметтер секторында тұрақты динамика байқалады.
 
Нақты сектордағы өсім 5,9%-ды құрады. 
 
Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,8%-ға дейін артты.
 
Салалар арасында көлік және қоймалау (9,3%-ға өсім), құрылыс (8,6%-ға), сауда (8,0%-ға), сумен жабдықтау (7,7%-ға), өңдеу өнеркәсібі (6,5%-ға), ақпарат және байланыс (6,4%-ға), тау-кен өнеркәсібі (6,1%-ға), ауыл шаруашылығы (1,8%-ға) оң өсім көрсетіп отыр.
 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 1,5%-ды құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестициялар құрылыс саласында 2,2 есеге, білім беруде 2,2 есеге, мемлекеттік басқару; әлеуметтік қамсыздандыруда 79%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында байқалуда", - деді Әлібек Қуантыров.

 
Министр осы жылдың қаңтар-ақпанында сыртқы сауда тауар айналымы 52,5%-ға өсіп, $18,2 млрд құрағанын айтты. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 71%-ға өсіп, $12 млрд дейін жетті. Бұл орайда өңделген тауарлар экспорты 47%-ға артып, $3,5 млрд-қа дейін жетті. 
 
Тауарлар импорты $6 млрд құрады. 
 
Жалпы оң сауда балансы $6 млрд құрады.
 

Өңдеу өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті. Барлық өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 11%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың 14,8%-ға, вагондар мен локомотивтер өндірісінің 13,3%-ға, құрылыс материалдары өндірісінің 12,4%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінің 11%-ға, пластмасса бұйымдары өндірісінің 15,2%-ға, фармацевтикалық өнімдер өндірісінің 18%-ға, сусындар өндірісінің 19%-ға, киім өндірісінің 13%-ға өсуі қамтамасыз етілді", - деді Әлібек Қуантыров.

 
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға ұлғайды. 
 
Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,1%-ды, газ өндіруде 8,2%-ды, шикі мұнай өндіруде 7,6%-ды, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 6,3%-ды, металл кендері мен көмір өндіруде 1,9%-ды құрады.
 
Аталған кезеңде құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға өсті. 
 
Көрсеткіштің оң өсімі 14 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Ақмола және Қостанай облыстарында байқалуда.
 
Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу динамикасы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,7 пайыздық тармаққа жақсарып, жыл басынан бері алғаш рет оң серпінге шықты. 
 
Жалпы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 0,4%-ға жоғары. 
 
Оң динамика 15 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалуда.
 

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,8%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Төмендеу Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалуда", - деді ҰЭМ басшысы.

 
Министрдің мәліметінше, барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр.
 
6 көрсеткіш бойынша өсу 6 өңірде байқалуда. Олар Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 
 
5 көрсеткіш бойынша оң өсім 4 өңірде – Алматы қаласы, сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалуда. 
 
4 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында байқалуда.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны