04.05.2022, 17:13 21796

Премьер-Министр 2025 жылға дейін халықтың 100%-ын ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды

Үкімет басшысы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, халықты сапалы ауыз сумен ауылдарда - 94,7%, қалаларда - 98,5% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр 2025 жылға дейін халықтың 100%-ын ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 4 МАМЫР - Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасы халқының 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ету ең маңызды міндеттердің бірі және 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы таза ауыз сумен қамтылуы керек", - деді Смайылов.

 
Үкімет басшысы өңірлер әкімдерінің назарын ауыл ішінде жүргізіліп жатқан су құбырлары мен елді мекенге дейін тартылатын топтық су құбырларының жоспарын бір-біріне сәйкестендіруі керек екендігіне аударды.
 

Кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-і пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады", — деді Ә. Смайылов.

 
Оның айтуынша, мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі – негізінен жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы. Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алады. 
 

Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет", - деп атап өтті Смайылов.

 
Үкімет басшысы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, халықты сапалы ауыз сумен ауылдарда - 94,7%, қалаларда - 98,5% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.
 

Өңірлердің әкімдіктеріне сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөндеу қажет", - деді ол.

 
Сондай-ақ, ол тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік саясатты іске асыру барысында Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдіктері 2023 жылы іздестіру-барлау жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды аяқтауы қажет екенін атап өтті.
 

Жаңадан салынатын және қолданыстағы сумен жабдықтау инфрақұрылымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ауылдарды сумен қамтамасыз етумен айналысатын пайдаланушы мекемелерге бірыңғай талаптарды бекітуі қажет", - деп толықтырды Премьер-Министр.

 
Баяндама жасаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметтерінің қолжетімділігі 96%-ды, оның ішінде қалаларда 98,1%-ды және ауылдарда 93%-ды құрағанын хабарлады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
 
Ауылдарда ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Қалада сумен жабдықтау бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр. Сумен жабдықтау қызметтері Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындарына 100% қолжетімді.
 
Қ. Өскенбаевтың айтуынша, биыл нақтылауды ескере отырып, республикалық бюджеттен сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге, оның ішінде қалаларда 120 млрд теңге және ауылдарда 95 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98,5%, ал ауыл халқының 94,7% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны