23.02.2026, 10:41 19706

Шымкентте фармацевтикалық өндірісті кеңейту үшін 39,5 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады

Шымкентте фармацевтикалық өндірісті кеңейту үшін 39,5 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады
Сурет: primeminister.kz
Мемлекет басшысының фармацевтика саласындағы отандық өндірістің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Денсаулық сақтау министрлігі мен "Химфарм" АҚ арасында "Халықты неғұрлым қолжетімді дәрілік препараттармен қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының фармацевтика индустриясындағы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін ұлғайту" жобасы бойынша жасалған Инвестициялар туралы келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.

Жоба қазақстандық тауар өндірушілердің үлесін арттыруға, елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және инвестицияларды тартуға бағытталған.

Келісім Шымкент қаласындағы Polpharma Santo компаниясында 300 жаңа жұмыс орнын аша отырып, ірі инвестициялық жобаның жаңа кезеңінің басталуына жол ашты. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған қаражатты қоса алғанда 39,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндірістің бірінші кезеңін іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланып отыр.

Жаңа өндірістік қуаттар онкологиялық, жүрек-қан тамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 түрлі дәрілік затты шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді.

Жоба мемлекеттің стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді, саланың тұрақты технологиялық базасын қалыптастырады, халық үшін дәрілік заттардың сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Жалпы алғанда, фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында 316,3 млрд теңге сомасына 6 инвестициялық келісім жасалды, бұл саланың кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын, инвестициялық тартымдылығының артуын, өндірісті локализациялау үшін орнықты базаның қалыптасуын және елдің дәрілік қауіпсіздігінің нығаюын көрсетеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны