04.07.2022, 16:55 14311

Смайылов ірі ресейлік кәсіпкерлермен кездесуде жаңа жобалардың іске асырылуын талқылады

Үкімет басшысы Қазақстанның тек шикізатты өндіруге ғана емес, сондай-ақ оны одан әрі қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге де мүдделі екенін атап өтті.
Смайылов ірі ресейлік кәсіпкерлермен кездесуде жаңа жобалардың іске асырылуын талқылады
Сурет: primeminister.kz
ЕКАТЕРИНБУРГ. 4 ШІЛДЕ - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ірі ресейлік компаниялардың басшыларымен кездесуде жаңа жобалардың іске асырылуын талқылады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
 "КАМАЗ" ЖАҚ бас директоры Сергей Когогинмен кездесу барысында жаңа жобаларды іске асыру, жабдықтарды жеткізу және коммерциялық техникаға қызмет көрсету орталықтарын іске қосу мәселелері талқыланды.
 
ҚР Премьер-Министрі "КАМАЗ" компаниясымен бірлескен жобалардың Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы өзара іс-қимыл бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан алғашқы жобалардың бірі екенін атап өтті.
 

Бүгінде Қостанай индустриялық аймағының алаңында шойын қорыту зауытының және жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл экология саласындағы үздік тәжірибелер мен стандарттарды ескере отырып жасалған жоғары технологиялық заманауи өндіріс болмақ", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Бұдан басқа, компания жүк техникасы өтетін жетекші көпірлердің тіректерін локализациялау деңгейін арттыру бойынша тағы бір ірі жобаны әзірлеп жатыр.
 

Бұл жобалардың экономикалық және әлеуметтік әсері мол. Бірлескен күш-жігердің арқасында олардың табысты әрі уақытылы іске асырылатынына сенімдімін", — деді ҚР Премьер-Министрі. 

 
 "Русская медная компания" президенті Всеволод Левинмен болған кездесуде тау-кен металлургия саласында "Қазақмыс" корпорациясымен бірлесіп жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
 
Мәселен, "Ақтөбе мыс компаниясы" 2024 жылға дейін шамамен 190 млрд теңгеге жерасты кеніштерін салу бойынша 4 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
 
Левин РМК-нің Ақтөбе облысындағы өндірістік қызметі, сондай-ақ Жетісу облысындағы Көксай және Абай облысындағы Айдарлы кен орындарында "Қазақмыс" корпорациясымен бірлесіп жобаларды іске асыру жоспарлары туралы айтып берді.
 
Үкімет басшысы Көксай және Айдарлы кен орындарын игеру біздің еліміз үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Ол Қазақстанның тек шикізатты өндіруге ғана емес, сондай-ақ оны одан әрі қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге де мүдделі екенін атап өтті.
 

Үкімет жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындардың айналасында өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. "Российская медная компания" бұл бастаманы қолдап, осы бағытта белсенді түрде жұмыс істейді деп сенемін", — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны