18.01.2022, 17:34 28061

Смайылов сауда үстемелері мен шекті бағаларға бақылауды күшейтуді тапсырды

Смайылов сауда үстемелері мен шекті бағаларға бақылауды күшейтуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 18 ҚАҢТАР - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елдегі инфляция деңгейі бұрынғысынша жоғары болып отырғанын атап өтіп, сауда үстемелері мен шекті бағаларға бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9%-дан желтоқсанда 8,4%-ға дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр", — деді Ә. Смайылов.

 
Үкімет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет", — деді Ә. Смайылов.

 
Өңірлердің әкімдіктеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейту, Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтау тапсырылды, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
 
Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қою тапсырылды. 
 
Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды. 
 

Мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет", — деді Ә. Смайылов. 

 
Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдауды тапсырды. 
 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру тапсырылды. 
 

Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1-ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырамын", - деп түйіндеді Премьер-Министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны