03.03.2023, 08:20 77661

ТХКБ шеңберінде қазақстандық учаскесінде транзиттік жүктердің өту мерзімі екі есеге қысқарды

Бұл көрсеткішті 5 күнге дейін жеткізу жоспарлануда
ТХКБ шеңберінде қазақстандық учаскесінде транзиттік жүктердің өту мерзімі екі есеге қысқарды
Сурет: primeminister.kz
Астана. 3 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Кеңесте аталған бағыттың қазақстандық бөлігіндегі белсенді жұмыстың арқасында республика аумағы бойынша транзиттік жүктердің өту мерзімі 12 күннен 6 күнге дейін, яғни, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге қысқарғаны атап өтілді. Сонымен қатар 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 5 күнге дейін жеткізу жоспарлануда.

Жалпы, ТХКБ шеңберінде Қытайдан Қара теңіздегі порттарға жүктерді жеткізу мерзімі 38-53-тен 19-23 күнге дейін қысқарды, ал осы жылдың соңына қарай 14-18 күнге жетуі тиіс. Мұндай ілгерілеу қатысушы елдердің бағыттағы кедергілерді жою, өтпелі тарифтерді енгізу және басқа да шараларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.

Кеңеске қатысушылар Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, жылжымалы құрам паркін жаңарту, сауда флотын және Ақтау мен Құрық порттарының қуатын арттыру жөніндегі шараларды талқылады.

Атап айтқанда, Ақтау портында контейнерлік хаб құру, қайта тиеу техникасының паркін жаңарту және мұнай құю айлақтарын қалпына келтіру, ал Құрық портында жаңа айлақ салу, көпфункционалды және астық терминалдарын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ 2030 жылға дейін Каспийде 10 мұнай құю баржасы, 8 паром, 6 танкер және контейнерлік кеме жұмыс істей бастайды деп күтілуде.

Сонымен қатар кеңесте кедендік рәсімдерді оңайлатуды және маршрутта тасымалдаудың берілген кепілдік көлемін бекітуді көздейтін Қазақстан мен Қытай арасындағы ТХКБ дамыту жөніндегі келісімді дайындау мәселесі қаралды.

Премьер-Министр бұл құжатты мемлекетаралық деңгейде одан әрі пысықтау үшін оны ҚР мемлекеттік жауапты органдарымен келісу рәсімдерін жеделдету қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін Транскаспий маршрутының өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болатындығы хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны