Валюта нарығындағы ахуал: теңге желтоқсанда нығайды
Желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 505,73 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 280 млн АҚШ долларынан 359 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 7,9 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін 3,7%-ға нығайды. Сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15%-ға ұлғайып, 63 млрд АҚШ долларын құрады.
Республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ "Талдықорған - Үшарал" магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 5%-ын немесе күніне шамамен 18 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы алғанда, 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 млрд АҚШ долларына валюта сатылды.
Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялау бойынша алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 350 млн АҚШ долларынан 450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
Айналау операциялары аясында желтоқсанда 475 млрд теңге алынды. 2025 жылы айналау операциялары аясында алтын-валюта резервтерінен сатылған валюта көлемі 7 млрд АҚШ долларын құрады.
2025 жылы алынбай қалған өтімділікті ескергенде, айналау операциялары мен мемлекеттiң басым құқықты жүзеге асыруынан туындайтын болжамды эмиссияны бейтараптандыру, сондай-ақ алтын бағасының елеулі өсуі аясында 2026 жылғы I тоқсанда шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ айналау тетігін іске асыру барысында Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді.
Желтоқсанда Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында валюталық түсімді сату көлемі шамамен 315 млн АҚШ долларын құрады.
БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі 40%-дан жоғары екенін ескере отырып және бұрын жарияланған жоспарға сәйкес, Ұлттық Банк желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Қаңтар айында да валюта сатып алу ісі жоспарланбайды.
Ашықтық қағидаты аясында Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты толық ашып көрсету ісін жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

