22.07.2022, 16:14 12691

Жетісу облысында 2026 жылға қарай қант қызылшасының егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда

2023 жылы – егіс алаңы 8,1 мың га, 2024 жылы – 10,7 мың га құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,2 мың га дейін жетеді.
Жетісу облысында 2026 жылға қарай қант қызылшасының егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда
ТАЛДЫҚОРҒАН. 22 ШІЛДЕ - Жетісуда қант қызылшасының егіс алқабы алдағы 4 жылда 15 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – егіс алаңы 8,1 мың га, 2024 жылы – 10,7 мың га құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,2 мың га дейін жетеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жалпы, биыл бұл дақыл түрі 6,2 мың гектарға себілді. Одан 210 мың тонна өнім жинап, 20 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарда бар", – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

 
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы 7 жылда қант қызылшасы егістігінің аумағы жеті жарым есе (2014 жылы 1,2 мың га құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың га жеткен), қайта өңдеуге өткізілген өнім көлемі 20 есеге артқан (9,9 мың тоннадан 196 мың тоннаға дейін).
 
Қант өнімін облыста Көксу және Ақсу қант зауыттары өндіруде. Биыл шаруаларға өткізілген өнімнің әр 1 тоннасына 30 мың теңгеден төленбек. Яғни, зауыт тарапынан – 15 мың теңге, субсидия есебінен – 15 мың теңге беріледі. Бұл былтырғымен салыстырғанда 8 мың теңгеге артық.
 
Өткен жылдан бері Көксу қант зауыты құрақ қантын өндіруді қолға алды. 2021 жылы 41 мың тонна шикізат өңделіп, 40 мың тонна құмшекер алған. Ал, осы жылы 48 мың тоннаға квота алып, бүгінге 30 мың тонна шикізат өңделді, Сонымен қатар осы қараша айында Ақсу қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісін орнатып, қолданысқа беру жоспарлануда. Осылайша, қос зауыт та жыл бойы жұмыс жасап, қамыс құрағы мен қызылшаны өңдемек.
 
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, 2023 жылы Ақсу (1200 гектар), Алакөл (500 гектар), Сарқан (1200 гектар) аудандарында қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайту және Ақсу қант зауытында қайта өңдеуге 100,0 мың тонна шикізат сату жоспарлануда. Жалпы, 2026 жылға қарай қант қызылшасының егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
 
Сондай-ақ, Алакөл ауданындағы үшінші қант зауытын іске қосу көзделіп отыр. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл зауытты қайта қалпына келтіру жөнінде үш халықаралық қаржы институттары өкілдерімен кездесуде бірнеше ұсынысын жеткізді.
 

Қант өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Көксу қант зауыты және "Магнум", "Смолл", "Тоймарт" сауда кешендері арасында 2 мың тонна қант өнімін келісі 450 теңгеден сатуға қатысты арнайы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, Ақсу қант зауытымен айналым схемасы бойынша 1500 тоннаға келісімшарт жасалды", - деп атап өтті әкімдікте.


Қазақстанда қант қызылшасын егу 5 есеге артады. Қазақстанда қант қызылшасын сатып алу құны тоннасына 30 мың теңгеге дейін көтерілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны