19.07.2022, 16:56 17791

Қазақстанда қант қызылшасын сатып алу құны тоннасына 30 мың теңгеге дейін көтерілді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Көксу қант зауытында Жетісу облысының фермерлерімен кездесу өткізді.
Қазақстанда қант қызылшасын сатып алу құны тоннасына 30 мың теңгеге дейін көтерілді
Сурет: gov.kz
ТАЛДЫҚОРҒАН. 19 ШІЛДЕ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Көксу қант зауытында Жетісу облысының фермерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Кездесуге қатысушылар зауыттың қант қызылшасының бір келісі үшін сатып алу бағасының төмен екенін айтты. Жыл сайын жиналған өнім қант зауыттарына өңдеуге тапсырылады. Зауыттар төлейтін баға қызылша өсірушілердің жұмсайтын шығындарына сәйкес келмеді", - деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

 
Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылы зауыт пен мемлекет бір келі қызылша үшін 20 теңге төледі. Шаруаларды қолдау мақсатында биыл мемлекет қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтты: енді зауыт 15 теңге, ал мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейтін болады. 
 

Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар 30 мың теңге алатын болады. Орта есеппен облыста фермерлер қант қызылшасынан гектарынан 350-ден 400 центнерге дейін өнім жинайды, ағымдағы жылға жоспар 200 мың тонна", - деп түсіндірді министрлікте.

 
Сондай-ақ, кездесуге қатысқан өндірушілер қызылша егетін аймақты сумен қамтамасыз ету, фермерлер мен қайта өңдеу зауыттарын техникалық жабдықтау мәселелерін талқылады.
 
Өңірдегі ең ірі қант зауыттарының бірі - "Көксу қант зауыты" ЖШС тәулігіне 2000 тоннаға дейін қант қызылшасын өңдейді. Күніне 200 тоннадан астам дайын өнім алады. 2022 жылдың басынан кәсіпорын 29 мың тонна қант өндірді. Зауыт жылына 250 мың тонна қант өндіреді. Сондай-ақ, құрақ қантының жылдық қуаты 35 мың тонна шикізатты құрайды.
 
Айта кетейік, Көксу қант зауыты 1932 жылы құрылды. 2015 жылы зауыт жөнделіп, іске қосылды. Оны жөндеуге шамамен 4 млрд.теңге салынды. 2017 жылы 1,5 млрд теңге сомасына зауыт жаңғыртылып, өнімділігі жоғары жаңа жабдықтар орнатылды.
 

Вице-министр Ә.Тамабек қатысушыларға жүйелі сипаттағы проблемалар мен ұсыныстар үкіметтік деңгейде қаралатынын айтты. Сондай-ақ, барлық жинақталған проблемаларды сындарлы, ашық диалог пен өзара сенім арнасында ғана шешуге болатынын атап өтті", - деп толықтырды баспасөз қызметі.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны