30.08.2021, 18:25 6095

Жамбыл облысындағы жарылыстан 100-ден астам үй зардап шекті

Анықталған 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтетін болса, қалған 71-і жеңіл зақымдалған, олар да қалпына келтіріледі.
ТАРАЗ. 30 ТАМЫЗ - Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан үш елді мекенде 118 жылжымайтын мүлік, оның ішінде 106 тұрғын үй зардап шекті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Байзақ ауданында орын алған оқиға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысы жалғасуда. Штаб мүшелері ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен бірге іргедегі 3 елді мекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды түгелдей зерттеді. 
 
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлағандай, анықталған 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтетін болса, қалған 71-і жеңіл зақымдалған, олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және қосымша жергілікті бюджет, өңірдегі демеушілер қаражаттары жұмсалады. 
 

Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталса, қалған үйлер бойынша құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті", - деді облыс әкімі. 

 
Әлеуметтік нысандарға қатысты тоқталсақ, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе, қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ордасы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. 
 

Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Ауыл халқы санының өсімі ескеріліп, Үкіметке 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бойынша ұсыныс жолдаймыз. Салынатын жер белгіленді, құжаттары барынша қысқа уақытта дайындалады. Жеңіл зақымдалған Үшбұлақ мен Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілер есебінен қалыпқа келтірілуде. Олар бірінші қыркүйекке дейін дайын болады. Дәл сондай бір медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөнделеді", - деді Б. Сапарбаев. 

 
Облыс әкімінің айтуынша, темір жол, автожолдар қалыпты режимде жұмыс жасауда. Тұрғындардың барлығы үйлеріне оралған. Үйлері күрделі жөндеуден өтетін Қайнар ауылының тұрғындары уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. 
 
Қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханада 28 науқас ем алуда. Оның 4-інің жағдайы орташа ауыр. Оларға қажетті барлық медициналық көмектер көрсетілуде. Өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрі-дәрмектер мен дәрігерлер жеткілікті. 
 
Жалпы, медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ, барлығы әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері. 
 
Қазіргі таңда хабарсыз кеткендер іздестірілуде. Облыс әкімі олардың ата-аналары мен туған-туысқандарымен кездесіп, тиісті түсіндірме берді. Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, тиісті мамандар, қызметтік иттер, атты адамдар жұмылдырылған. Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылуда. Қазіргі таңда 180 адам, 40 шақты техника жұмыс жасауда. 
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Өрт тез арада инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймаларға таралды. Өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралды. Өрт шығып, 10-нан астам инженерлік оқ-дәрілер жарылды.
 
Алдын ала мәліметтер бойынша, ТЖ салдарынан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті (құтқарушылар мен әскери), 90-нан астам адам зардап шекті. Оқиға себептерін анықтаумен құрылған жедел-тергеу тобы айналысуда. Алдын ала болжамдар бойынша себептер әртүрлі болуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, өздігінен жану, химиялық реакция. Сондай-ақ қасақана өртеу немесе диверсия сияқты болжамдар да қарастырылуда.
 
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Премьер-Министр Асқар Маминнің өкімімен 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған өрт пен жарылыстың салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды
 
Президент 29 тамызды Жамбыл облысында оқ-дәрілердің жарылысы кезінде қаза болғандарды аза тұту күні деп жариялады
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны