26.12.2022, 14:31 26416

ҚМА Qazaq Gaz және "АзияГазЧунджа" компанияларындағы қаржы жымқыру ісін тергеуді аяқтады

Қылмыстық іс сотқа жіберілді
ҚМА Qazaq Gaz және "АзияГазЧунджа" компанияларындағы қаржы жымқыру ісін тергеуді аяқтады
Сурет: Depositphotos
Астана. 26 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және "Qazaq Gaz" АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
 

2022 жылғы 23 желтоқсанда Бас прокуратура істі соттың қарауына жіберді. Ұлттық компанияға келтірілген залал "Qazaq Gaz" АҚ шоттарына аудару арқылы толық көлемде өтелді. Аяқталған іс шеңберінде азаматтық талап қою және мүлікті тәркілеу бөлігінде үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында айыпталушылардың 38 млрд теңге сомасындағы ақшалай қаражатына, 15 жылжымайтын мүлік объектісіне, 3 автокөлік құралына тыйым салынды", - деп хабарлайды ҚМА.

 
Агенттік Қайрат Боранбаевқа және басқа адамдарға қатысты газ экспорты кезінде ұрлау және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша бөлінген істер шеңберінде сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.
 
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
 
Еске салайық, Боранбаевты наурыз айында Қаржылық мониторинг агенттігі ірі көлемде ұрлық жасады деген күдікпен ұстаған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны